Мектепте телефон ұстауға бола ма? Шешімді министрлік қабылдауы мүмкін
Мектептерде мобильді телефонды қолдануға қатысты да өзгеріс болады.
Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов смартфондарды пайдалану саясатын министрлікке беруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.
Бүгінде әр мектеп смартфондарды пайдалану саясатын өз бетінше анықтайды. Бірыңғай ереже жоқ. Тәжірибеде бұл көп директордың шешім қабылдаудан қашуына әкеп соғады. Оны жақсы білесіздер. Өйткені ата-аналармен пікірталастардан, шағымдардан қорқады. Нәтижесінде бір мектепте телефонға тыйым салынған, көрші мектепте жоқ, тағы бір мектепте тіпті басқаша ереже, - деді депутат.
Аймағамбетов депутаттар бұл құзыретті Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынатынын жеткізді. Сөзінше, министрлік бірыңғай саясатты айқындап, еліміздің барлық мектебінде қолданылады. Ол ортақ және барлығына түсінікті болады.
Бұған дейін Қазақстанда мұғалімдерге ұнайтын өзгеріс жайлы жазған едік.