Мектепте оқушыдан Асан қайғы мен Қобыландыға хат жазу талап етілуде – жазушы
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біздің әдебиетімізді, әсіресе уақыт сынынан өткен классикалық үлгідегі әдебиетімізді балаларымыз мектепте оқи алмау қаупі бар. Оған жазушыларымыздың көпшілігі назар аудара бермейді. Бұл туралы 2018 жылы шыққан көркем шығармаларды талқылауға арналған жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Жаңғара Дәдебай айтты.
Жазушы жиын барысында қазіргі мектеп оқулықтарындағы қазақ әдебиетіне қатысты бағдарламаларды сүзгіден өткізіп әрдайым бақылап отыру қажеттігін айтты.«Мен өзім де байқамай қалушы едім, 6 сыныпта оқитын немерем бір күні келіп «Ата мен жазушыға хат жазуым керек. Мұғалім хат жазыңдар деп айтты» деді. Қарасам Асан қайғы, Қобыланды сынды шығармалар екен. Осыдан кейін сол кітаптың бағдарламасын алып қарадым. Сөйтсем сол бағдарламада мектеп оқушысы оқыған әдеби шығарманың авторына хат жазу жөнінде балаға талап қойылған. Бұл бір ғана мысал. Егер мектеп оқулықтарымен танысатын болсаңыздар, ішіндегі неше түрлі адамның көңілі қалатын жайлар бар», - деді ол.
Оның айтуынша, мұндай қателіктерге ешкім бас ауырта бермейтін көрінеді. Сондықтан осыны Жазушылар одағы өз бақылауына алса деген пікірін білдірді.
«Оны не министрлік, не баспалар қарамайды. Баспаларда да оны қарайтын маман жоқ. Сондықтан жазушылар одағы сіздерге осыны қадағалау жөнінде ұсыныс жасағым келіп отыр. Мектептегі балаларымыздың қазақ әдебиетінің асыл тұнығынан сусындап өсуіне жағдай жасалмайтын, назар аударылмайтын болса, онда біздің әдебиетіміз кімге керек? Біздің балаларымыздың қандай әдебиетті, қандай әдеби шығарманы оқып өседі, ер жетеді, одан бойына қандай жақсылық, ізгілік сіңіреді дегенді әрбір жазушы, әр ата-ана және бас-көз болып Жазушылар басқармасы қарап отыру керек деген ұсынысым бар», - деді ол.
Осы тұста Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып осы мәселе бойынша қазіргі ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиновамен жиын өткізу жоспарлары бар екенін жеткізді.
«Бірінші сыныптағы әліппеден бастап қазақ әдебиетіне кімнің шығармалары кірді деген сұрақ төңірегінде жиын өткізсек деп жоспарлап жүрміз. Яғни кімнің прозалық, поэзиялық шығармалары енді, кімдер оқылып жатыр деген дүниені талқыласақ деген ойымыз бар», - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Түркістан облысында 600 шақырым жол пайдалауға беріледі
Келесі жаңалық
Елімізде алдағы үш күнде қандай ауа райы күтіледі?
Өзгелердің жаңалығы