«Мектепке жол» республикалық акциясы жыл бойына жалғасады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Оқу жылы басталысымен алматылық оқушылар түгелдей қажетті кітаптармен қамтамасыз етіледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова брифинг барысында айтты.

Жиын барысында ол 5 шілдеден бастап "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы өтіп жатқанын айтып, мектеп жасындағы балалардың барлығының мектепте оқуын қамтамасыз етуге күш салып жатқандарын жеткізді.


«Бұл акция биыл 12-ші рет өткізіліп отыр. Бұрын ол тамыз айының 1-де басталып 30 қыркүйекте аяқталатын. Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен бір айға ерте басталды. Сонымен қатар, жақын арада мемлекет басшысы бұл акцияны жылына бір рет емес, үнемі өтіп тұратындай етіп жасауға тапсырма берді. Елімізде жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар бар. Оларды дер кезінде мектепке жинау, қажетті киімін, оқу құралын алып беру осы қайырымдылық акциясының шеңберінде іске асырылады», - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 15 мыңнан аса көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар бар. Оның қатарына жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар да кіреді. 

«Өткен жылы осы акция аясында жалпы сомасы 141 млн 328000 теңгеге 14250 мұқтаж оқушыларға материалдық көмек көрсетілді. Оның 66 млн 635 мың теңгесі біздің Жаппай оқуға қамту қорынан бөлінді, қалған 74 млн 693 мың теңге қайырымдылық көрсеткен азаматтардың, мекемелердің есебінен болды. Бұл акция бір айда тоқтап қалмайды, сондықтан біз барлық мемлекеттік органға, қайырымдылық көрсетуге дайын азаматтар мен кәсіпкерлерге осы акция жөнінде айтып, жеткізгіміз келеді», - дейді басқарма басшысы. 

Қазір мұғалімдердің көбі жазғы демалыста, дегенмен олар ерікті түрде осы акция аясында қаражат жинауға кірісіп кеткен. Өйткені ол қандай балалардың көмекті аса ететінін жақсы білетін көрінеді. 

«Осы уақытқа дейін қаламыздағы Түріксіб, Жетісу аудандары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл жиналған қаражатқа оқушыларға мектеп формасын, оқуға қажетті құралдар алып береміз. Бұған дейін мектеп формасын біз өзіміз алып келдік, алайда ата-аналар «сіздер арзанын аласыздар» деген соң биыл ақшаны өздеріне береміз. Тек олардың «барахолкадан» арзан киімді алмай, отандық киімді алуын қадағалап, киімді дүкеннен сатып алғандығы жөніндегі түбіртекті талап етеміз. Сапасы орташа мектеп формаларының бағасы 15 500-25 500 теңге аралығында», - деді Гүлнар Ходжабергенова. 


Сонымен қатар, ол оқу жылы басталысымен оқушылар түгелдей қажетті кітаптармен қамтамасыз етілетінін, ол үшін жергілікті бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінгенін айтты.

«Көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға қолдау әрдайым көрсетіліп отырады. Мәселен, жазғы демалысқа шыққалы аз қамтылған отбасылардан 4150 бала қала сыртындағы лагерлерде демалуға жолдама алды. Оның барлығы жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда», - дейді ол.  

Сөз арасында ол бұл акция аясында рейд жүргізу көзделгенін, оның мақсаты биыл оқуға баратын балаларды анықтап, мектепке дайындау екенін жеткізді.


«Қаңтар айында балалар оқуға 6 жасынан бастап қабылданады деген заң қабылданған. Баласын мектепке 6 немесе 7 жасында берем десе ол ата-ананың өз таңдауы. Дегенмен, оқу жасына келген баланы біз анықтап, 6 жасар баланы мүмкіндігінше мектепке беруге шақырамыз», - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы