«Мектепке жол» акциясы: Материалдық көмек кімдерге тиесілі?

Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл Астана қаласы бойынша 22 700 балаға көмек көрсетіледі.

«Мектепке жол акциясы» бойынша Астана қаласы әкімдігімен бірнеше іс-шаралар жоспарланды. Атап айтсам, жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар, отбасыларда тұратын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар және басқа санаттағы, яғни, қиын жағдайға тап болған отбасылар бар. Оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасыларға ақшалай көмек көрсетіледі, - деді Қасымхан Сенғазыев.

«Мектепке жол акциясының» бірінші бағыты бюджет қаражаты есебінен 14200 балаға көмек берілетін болады.

Көмекті алу үшін ата-аналарға мектепке барып өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет. Жоғарыда аталған отбасыдан шыққан балаларға биылғы жылы жалпыға міндетті оқу қорынан көрсетілетін қаражаттың көлемі 41 мың теңгені құрайды, - деді спикер.

Ал екінші бағыт бойынша акция арқылы аудан әкімдіктерімен бірлесіп демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарланған. Акция 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Биылғы акция «Жақсылықты жаса!» ұранымен басталды. Материалдық көмекті көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата–анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушылар ала алады. Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Қандай құжаттарды тапсыру керектігі туралы ақпаратты мектептер ұсынады, - деді Сенғазыев.

Айта кетейік, бүгін елімізде 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау мерзімі аяқталғаны хабарланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы