"Мектепке жол" акциясы: 500-ге жуық өтінім түсті

Алматыда «Мектепке жол» акциясы биыл «Жақсылық жаса» деген ұранмен басталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Қайырымдылық іс-шарасы қаланың 8 ауданында жалғасын тапты. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына материалдық және өзге де көмек көрсету.

Жетісу ауданындағы №110 мектеп-гимназияның Қамқоршылық кеңесі, ұстаздар қауымы мен мектеп ата-аналары бірлесіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетуге кірісіп кетті. Қазірдің өзінде көмекке зәру 12 оқушы мектеп формасы, сөмке, спорттық киім мен оқуға қажетті кеңсе тауарларымен толығымен қамтылды. Осынау қайырым мен мейірімге толы айда әлі де әлеуметтік жағынан аз қамтылған, ата-ана қамқорлығынан тыс қалған, көп балалы отбасынан шыққан балаларға көмек көрсетіліп, олардың алаңсыз білім алуларына жағдай жасау жалғаса береді. Осынау игі шараның бел ортасында жүрген мектеп ұстаздары «Мектепке жол» акциясы барысында мемлекетіміздің болашағы болып табылатын жас ұрпаққа жасалып жатқан қолдаудың қайыры мол іс екенін айтады,– дейді №110 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сайраш Көбелдесқызы. 

Сондай-ақ ол өз сөзінде көмеке мұқтаж жандар акциясы аясында мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын алу үшін оқитын жері бойынша білім беру ұйымына өтініш беруге болатындығын атап өтті.

Мектептің ұйымдастырып отырған игі іс-шарасы қарапайым халыққа көмек болды. Өздеріңіз білесіздер, базардағы баға қымбат, өзім көп балалы анамын. Үш балам мектепке барады. Үйімізде еңбек етіп, табыс табатын әкемізге қарап отырамыз. Осы акцияның арқасында баламызды киіндірдік. Әрине, бәріне бірдей киім өлшемдері келе қоймады. Сөмкесін, дәптер, қағаздарын ғана ала алдық. Осындай көмек көрсетіп отырған мектеп ұжымына алғысымды білдіремін, – дейді Айгүл Есімхан есімді тұрғын. 

Оқушыларға есеп және жазба дәптерлері, сурет салуға арналған сызба альбомы мен түрлі-түсті қима қағаздары, жазу-сызуға арналған құралдар мен желім және өзге де заттар салынған мектеп сөмкелері табысталды. «Мектепке жол–2023» республикалық акциясы 1 тамызда басталып, 30 қыркүйекте аяқталады.

«Мектепке жол» акциясына қатысу үшін оқу орны бойынша білім беру ұйымына өтініш беру қажет. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарына 500-ге жуық өтінім берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы