Мектепке жол. 100-ге жуық бала мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етілді

Бүгін балалар жылы аясында елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол – Бар мейірім балаға» ұранымен «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж көп балалы отбасыларға, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық алдында материалдық көмек көрсету. 

Акцияның ресми ашылуында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Нұркен Әбдіғали іс-шараның дәстүрлі болып табылатынын және жыл сайын өткізіліп отыратынын атап өтті.

Қайырымдылық акциясы барысында 100-ге жуық бала мектеп сөмкелерімен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Достық үйіне шақырылған балалар үшін кәсіби аниматорлар ойын-сауық бағдарламасын ұсынды. Мультфильм кейіпкерлерімен бірге балалар қызықты ойындарға қатысты, олар елордалық Ассамблеяның шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен сүйемелденді. Ұйымдастырушылардың қызықты бағдарламасы оларға жақсы көңіл-күй сыйлады. 

Енді менің сөмкем мен оқу құралдарым бар. Мектепке баруға толық дайынмын. Мектебімді, достарымды сағындым. Аниматорлар мен олардың ойындары да өте ұнады, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының №55 мектебінің 3 сынып оқушысы Айару Жанболатова.

«Мектепке жол» акциясына елордалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен меценаттары белсенді қатысты.

Атап айтқанда, тәжік, өзбек, шешен-ингуш, поляк, орыс, түрік, украин, татар-башқұрт, еврей, әзірбайжан, белорус, неміс, ұйғыр, дүнген, казак, болгар, башқұрт, грузин этномәдени орталықтарының өкілдері, сондай-ақ қайырымдылық жасаушы Сайяф Исмаилов пен қалалық ҚХА Аналар кеңесінен Шапаат Нурахунова игі іске өз үлестерін қосты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы