Бүгiн 2026, 12:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мектеп, үйірме және қауіпсіздік: Білім саласында қандай жаңалықтар енгізіледі?

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы – елдегі әрбір баланың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған кешенді құжат

2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы – елдегі әрбір баланың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған кешенді құжат. Тұжырымдамада мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, инклюзивті білім беру, үйірмелер мен спорт секцияларын қолдау, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту шаралары қамтылған. BAQ.KZ тілшісі құжаттағы негізгі жаңалықтарды оқырман назарына ұсынады.

Бұған дейін құжатты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында таныстырған болатын.

Министрдің айтуынша, баланың құқығын қорғау – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының және ұлт болашағының берік негізі. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және сапалы білім мен жан-жақты дамуына жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындаған.

Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында балалар қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары балалардың құқығын қорғау, білім сапасын арттыру, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында іргелі реформалар мен заңдар қабылданды.

Министрдің сөзінше, халықаралық деңгейде де Қазақстанның тәжірибесі оң бағаланып отыр. ЮНИСЕФ-тің аймақтық директоры елімізді балалар құқығын қорғау саласында Орталық Азия елдеріне ғана емес, бірқатар еуропалық мемлекеттерге де үлгі ретінде атаған.

Елдегі балалар саны – 7 миллионға жуық

2025 жылғы дерекке сәйкес, Қазақстанда 6 902 492 бала бар. Бұл – халықтың 34 пайызы. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 миллионға артқан.

Мемлекет басшысының бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оған сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аударылады. Жиналған қаражатты оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады.

Сонымен қатар:

  • Елде орта білім тегін;
  • Бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылған;
  • 1-11 сынып оқушылары тегін оқулықтар алады;
  • 49 түрлі әлеуметтік қолдау шарасы жүзеге асырылуда;
  • «Жалпы білім беру» қоры арқылы 25 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Балалар құқығын қорғауды күшейту үшін 10 негізгі заң қабылданған.

Тұжырымдама: төрт негізгі бағыт, 158 іс-шара

Жаңа тұжырымдама балалардың негізгі құқықтарын қамтитын төрт бағыттан тұрады:

  1. Қауіпсіздік
  2. Білім
  3. Денсаулық
  4. Отбасы және әлеуметтік қорғау

Құжат аясында 10 индикатор белгіленіп, 158 іс-шара жоспарланған. Жалпы қаржыландыру көлемі – 1,3 трлн теңге.

Қауіпсіз орта – басты басымдық

«Қауіпсіздік» бағыты аясында «Адал азамат» бағдарламасындағы «Заң және тәртіп» қағидаты кеңейтіледі. «Таза Қазақстан» акциясы тәрбиелік-идеологиялық платформа ретінде негізге алынады.

Қазір елде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізіліп, «111» байланыс орталықтары іске қосылған.

Алдағы уақытта:

  • Мектептерде педагог-психолог сағаты енгізіледі;
  • Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 40 көмек кабинеті ашылады;
  • Жазғы лагерьлер 2026 жылғы 1 сәуірден бастап лицензияланады;
  • Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау 2027 жылға жоспарланған;
  • Онлайн платформаларға заңсыз контентті жоймағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.

Сонымен қатар мектептер толық техникалық қауіпсіздік жабдықтарымен қамтамасыз етілген.

Кадрлық әлеует және өңірлік құрылымдар

Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мамандардың кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Осыған орай педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарға қойылатын талаптар күшейтіліп, олардың біліктілігін жыл сайын арттыру көзделген.

Қазіргі таңда Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылған. Қалған өңірлерде оларды биылғы наурыз айына дейін ашу жоспарланған.

Инфрақұрылым: жаңа мектептер мен балабақшалар

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салу жоспарланған. Бұл қала мен ауыл арасындағы білім сапасын теңестіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ:

  • 677 балабақша ашылып, 65 мың бала мектепке дейінгі біліммен қамтылды;
  • Мектеп маңында жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жүйелері орнатылуда;
  • Балалардың жол қауіпсіздігі мен тасымалын арттыру шаралары іске асады;
  • Судағы қауіпсіздік бойынша арнайы бағдарламалар енгізіледі.

Инклюзивті білім – басым бағыт

2025 жылы Қазақстанда алғаш рет Инклюзия бойынша дүниежүзілік конгресс өтті. Оған 50-ден астам мемлекет қатысты.

Тұжырымдамада ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда:

  • ПМПК желісін кеңейту;
  • Коррекциялық қолдау кабинеттері мен аутизм орталықтарын дамыту;
  • Білім беру ұйымдарында жүйелі сүйемелдеу енгізу;
  • Үйде оқитын балалар санын азайту;
  • Психологиялық-педагогикалық қолдау ұйымдарын лицензиялау.

Бұл шаралар инклюзивті білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

Отбасы институты – тұжырымдаманың өзегі

Құжатта отбасы институтын нығайту, ата-аналардың және асырап алушы ата-аналардың жауапкершілігін күшейту мәселесіне айрықша мән берілген. Әлеуметтік қолдау тетіктері де осы бағытта жетілдіріледі.

«Әр теңге – әр балаға»

Министрдің айтуынша, тұжырымдама Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындауға негіз болады. Негізгі мақсат – балалардың құқықтарын қорғауды жүйелі деңгейге көтеру және мемлекеттен бөлінген әрбір қаражаттың баланың дамуына тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы – тек стратегиялық құжат емес, ел болашағына бағытталған нақты қадамдар жиынтығы.

Еске салайық, бұған дейін министр үйірмелерге бөлінген қаржы балаға жете ме деген сұраққа қатысты мәлімдеме жасады.