Мектеп сөмкесі баланың салмағының 10 пайызынан аспауы керек – маман
Мысалы, бала 30 келі тартса, оқу құралдары салынған сөмкесі 3 келіден аспауы тиіс.
Бос рюкзактың салмағы бастауыш сынып оқушысы үшін 700 грамнан, жоғары сынып оқушысы үшін 1 келіден аспауы керек. Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, балаға рюкзак таңдағанда оның салмағы мен балаға ыңғайлылығын ескеру қажет. Мектепке дайындық кезінде неге назар аудару керек? BAQ.KZ тілшісі сұрап көрді.
Ал кітаптар мен оқу құралдары салынған сөмкенің салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан аспағаны жөн. Мысалы, салмағы 30 келі оқушының рюкзагы 3 келіден ауыр болмауы тиіс.
Рюкзактың арқа бөлігі қатты, иықбаулары кең әрі жұмсақ болғаны дұрыс. Баулардың ұзындығы баланың бойына қарай реттелуі керек. Сондай-ақ сөмкенің алдыңғы және бүйір жақтарындағы жарық шағылыстыратын элементтерге назар аудару қажет, - деді Мұхамғали Арыспаев.
Департамент ұсынған мәліметке сәйкес, рюкзактың өзін есептемегендегі күнделікті оқулықтар мен кеңсе заттарының салмағы 1-3 сыныптарда 2 келіден, 4-5 сыныптарда 2,5 келіден, 6-7 сыныптарда 3,5 келіден, 8-11 сыныптарда 4,5 келіден аспауы керек.
Мектеп формасы мен аяқкиімді қалай таңдау керек?
Мұхамғали Арыспаев киім сатып аларда алдымен затбелгісін қарауға кеңес берді. Онда матаның құрамы, өндіруші туралы мәлімет пен күтім жасау тәртібі көрсетілуі тиіс. Киімнің ЕАЭО нарығындағы айналым белгісіне де назар аударған жөн.
Маманның сөзінше, мектеп формасы баланың қозғалысын шектемеуі және денесін қыспауы керек. Матасының ауа өткізетін әрі ылғалды сіңіретін болғаны маңызды. Киімнен өткір химиялық иіс шықпауы, бояуы теріге жұқпауы тиіс. Түйме, ілгек және сыдырма сияқты бөлшектері баланы жарақаттамауы қажет.
Әсіресе рюкзак пен аяқкиімді балаға дәл келетін өлшемде таңдаған дұрыс. Оларды «өскенде киеді» деп үлкен өлшемде алу ыңғайсыздық туғызуы мүмкін, - деді ол.
Кеңсе тауарларында не маңызды?
Ал дәптер таңдағанда парағының түсі мен сызықтарына назар аударуды ұсынады. Парақ сүттей ақ немесе ашық кілегей түсті, ал торлары мен жолдары анық, бірақ тым қою болмауы керек.
Қалам, қарындаш, бояу және пластилиннен өткір химиялық иіс шықпауы тиіс. Олардың бояуы қолға жұқпағаны жөн. Бастауыш сынып оқушыларына үшбұрышты қаламдар мен қарындаштар ұсынылады: мұндай пішін жазу құралын ұстауға ыңғайлы.
Өнімнің сапасына күмән туса, сатушыдан сәйкестігін растайтын құжатты сұрауға болады. Оқу құралдары мен киімді ресми сауда орындарынан алып, таңбалауын тексеру қажет, - деді Мұхамғали Арыспаев.
«Бастауыш сынып оқушысы тәулігіне 9-10 сағат ұйықтауы керек»
Мектепке психологиялық және физикалық дайындық та керек. Департамент оқу жылы басталардан екі-үш апта бұрын баланы ертерек ұйықтатып, мектепке баратын уақытында оятуға кеңес береді. Бастауыш сынып оқушысының тәулігіне кемінде 9-10 сағат ұйықтауы маңызды.
Үй тапсырмасын орындайтын үстел мен орындық баланың бойына сәйкес келуі тиіс. Жарық оң қолмен жазатын балаға сол жақтан, солақай балаға оң жақтан түскені дұрыс, - дейді департамент басшысы.
Балаға өздігінен киінуді, оқу құралдарын сөмкесіне жинауды және тамақтанар алдында, дәретханадан кейін қолын сабынмен жууды алдын ала үйреткен жөн.
Егер өнімнің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіні анықталса, оны сатуды тоқтату және айналымнан алу шаралары қабылданады. Кейін өнімнің жағдайына қарай жеткізушіге қайтару, кәдеге жарату немесе жою мәселесі шешіледі, - деді Мұхамғали Арыспаев.