Мектеп қазандығындағы болған жарылысқа қатысты жаңа деректер белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округі, Ошақты ауылы, Т.Рысқұлов көшесі №19 А мекенжайда орналасқан «Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінің» жанында орналасқан қазандықта жарылыс болған еді.
Полиция осы іске қатысты «Адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Сот сараптамасы тағайындалды, қызметкерлер сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, барлық мән-жайлар тергеу барысында анықталатын болады. Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша бізде осы фактіні тергеуге екі ай бар, - деді, Сайрам аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Алмат Әбидінов.
Айта кету керек, оқушылар мен мұғалімдер зардап шеккен жоқ.
Жарылыс кезінде олар қазандықтан 20 метр қашықтықта орналасқан көрші ғимаратта болды. Оқиғадан кейін оқушылар үйлеріне жіберілді. Жылу жүйесін қалпына келтірмегенше оқушылар онлайн оқитын болады.
Біз марқұмның отбасына қолдау көрсетеміз, заң бойынша барлық өтемақы төленеді. Бұрын мектепті газбен жылытуға ауыстыру туралы мәселе көтерілген болатын, - деді Самара облысының адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының м. а. Әлжан Сапарбеков.
Алдын ала болжам бойынша, Ошақты ауылының мектебінде жарылыстың себебі сапасыз көмірден болуы мүмкін.
Нақты себеп сараптамадан кейін белгілі болады. Мектепті газға қосу 2022 жылы жоспарланып отыр.
Ошақты ауданында газ жүргізілген, бірақ мектептің өзі әлі газбен жабдықталмаған. Мораторий болды, бірақ қазір әлеуметтік нысандарды қосуға рұқсат етілді. Биыл көктемде Ошақты ауылындағы мектепті газдандыруды жоспарлап отырмыз, - деді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев.
От жағушының қаза болу фактісі бойынша істі еңбек инспекциясы да тексеріп жатыр.