Мектеп психологтері мен әлеуметтік педагогтердің жалақысы төмен, жүктемесі жоғары – Аймағамбетов
Мектеп психологтері мен әлеуметтік педагогтердің жалақысы төмен, ал жұмыс жүктемесі артып келеді. Бұл жағдай, әсіресе, шалғай елді мекендерге білікті мамандар тартуға кедергі келтіреді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат балаларға көмек көрсету жүйесіндегі кадр мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысы күшейтіліп, мамандар саны 303-тен 1 029-ға дейін өскен. Барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылған.
Дегенмен, нормативке сәйкес кадр тапшылығы әлі де бар. Әсіресе психологтер, әлеуметтік және арнайы педагогтерге қатысты жағдай күрделі. Арнайы педагогтер тапшылығы да толық шешілмеген.
Мұндағы басты фактор – жалақы. Психологтер мен әлеуметтік педагогтердің жалақысы төмен, ал жүктемесі артып келеді. Лайықты жалақы мен қосымша үстемеақы болмаса, әсіресе шалғай аудандарға маман тарту өте қиын, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, мектептерде зорлық-зомбылықты, буллингті және суицидтік қауіп-қатерді анықтауға арналған әдістемелер енгізіліп жатыр. Алайда мәселе анықталғаннан кейін онымен кәсіби деңгейде жұмыс істейтін маман болмаса, мұндай шаралардың тиімділігі төмендейді.
Біз зорлық-зомбылықты, буллингті, суицидтік қауіп-қатерді анықтау әдістемелерін енгізіп жатырмыз. Бұл – маңызды қадам. Бірақ мәселе анықталғаннан кейін оны шешетін маман болмаса, не болады? Сондықтан жалақы мәселесін шешу қажет, – деді депутат.
Сондай-ақ ол балалар туралы ақпарат жинайтын жүйелердің бір-бірінен бөлек емес, өзара байланысқан бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істеуі және ондағы дербес мәліметтердің сенімді қорғалуы маңызды екенін атап өтті.