Мектеп психологтарының біліктілігін арттыру керек - Ғани Бейсенбаев
Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Ғани Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда мектептерде психологиялық қызмет жұмыс істейді. Ол жерде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог, әлеуметтік педагог мүшелікке кіреді. Бұл жұмыс бірінші жыл атқарылып жатқан жоқ, жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Ол жағдай (Петропавл мектебіндегі жағдай – ред.) барлық оқушылардың психикалық денсаулығына тексеріс жүргізуге себеп емес. Өйткені мақсат бұл емес, - деп түсіндірді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін кулуарда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айтуынша, бұл бағытта іс-шаралар кешені жоспарланып отыр.
Қазір біздің ғылыми-зерттеу институтымызға тапсырма берілді. Олар психологиялық қызметке жұмысты барынша жоспарлы әрі сапалы ұйымдастыруға көмектесетін әдістемелік құралды әзірлейді. Одан басқа, біз осы бағыттағы олардың кәсібилігін жетілдіру тұрғысында мектеп психологтарын оқыту қажеттілігін байқадық, - деді Ғани Бейсенбаев.
Сонымен қатар ол барлық қызмет қажетті әдістемелік құралмен қамтамасыз етіледі деп отыр.
Психологиялық қызметте жұмыс істейтін қызметшілердің кәсіби сапасы да артады. Өңірлердегі проблемалық мәселелер зерттеледі. Кәсіби жұмыс өтілі жоқ психологтар да бар. Сондықтан олардың кәсіби тәжірибесін арттыруға қажеттілік бар, - деді ол.
Айта кетейік, елорда мектептеріндегі орын тапшылығы қалай шешілетіні белгілі болды.