Мектеп пен аурухананы халық саны көп аудандар мен ауылдарға ғана салу керек — сарапшы
Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының жетекші қызметкері, PhD Лаура Тоқтарбекова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауында халық игілігіне қажетті біршама маңызды әлеуметтік мәселелер көтерілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа Қазақстанның болашағы жастар болғандықтан, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайызбен несие беру құптарлық. Алайда тек кәсіпкерлік үшін ғана емес, жастардың басты мәселесі баспана болғандықтан, оларға тұрғын-үй жағдайын түзету үшін де 2,5 пайызда несие берілгені дұрыс. Әрбір балаға кәмелет жасына толғанға дейін Ұлттық қордан қаражат бөлу: бұл жинақталған қаражат жеткіншектің білім алуы мен үй сатып алуына жұмсалады. Егер бұл бастама шынымен іске асса, көптеген әлеуметтік жағдайы төмен отбасы үшін үлкен көмек болары анық, — деді сарапшы.
Лаура Тоқтарбекова Президенттің 32 аудандық аурухананы толық модернизациядан өткізу тапсырмасына толқталды.
Дені сау ұлт сау мемлекет дегендей, емханалар мен ауруханалардың қазіргі жағдайы мәз емес екені баршаға мәлім. Сондай-ақ кейбір ақылы немесе ақылы емес емдеу орталықтарында отырған жас дәрігер мамандардың кәсіби деңгейлерінің төмендігі де белгілі. Бұл орайда резидентура үшін гранттарды 70 пайызға көбейту оң шешім болмақ, — деді ол.
Сарапшы орта білім беру сапасын арттыру мәселесі өзекті екенін, Алматы, Нұр-Сұлтан және тбасқа да қалалардың кейбір аудандарында мектеп тапшылығы шешілмей келе жатқанын айта кетті. Сыныптарда оқушы саны 30-32-ден асып кеткен, бастауыш сыныпта оқитын оқушылар санының көптігінен үш ауысымнан оқиды.
Біз «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасын шартты орындау барысында, 150-200 түтіннен аспайтын шағын ауылдарда 1000 орынды мектептер салынып, қазір қаңырап бос тұрғанын да білеміз. Осы қателікті қайталамау үшін халық саны көп аудандар мен ауылдарға ғана мектептер мен ауруханалар салу керек, — деді Лаура Тоқтарбекова.
Философия ғылымдарының докторының сөзінше, мектепке дейінгі тәрбие мәселесін басты назарға алу қажет.
Балабақша тәрбиешілерінің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтіп, жұмыс жүктемесін азайту, ең бастысы, балабақшаны емес, сонда қызмет ететін тәрбиешіні аттестациядан өткізу жұмыс берушінің білікті маманды жұмысқа алуына кепілдік береді. Өйткені соңғы кездері әлеуметтік желілерден балабақша тәрбиешісінің немесе күтушісінің балаға жасаған психологиялық, физикалық қысым көрсетулерінің куәсі болып жатырмыз, — деді Лаура Тоқтарбекова.
Сарапшы мұның себебін мемлекеттік немесе мемлекеттік емес балабақшаға педагогикалық білімі бар немесе универиситетті енді бітірген жұмыс таппай жүрген кез келген адамды жұмысқа қабылдай беретінімен байланыстырады. Өйткені тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің жалақысы аз болғандықтан, оған арнайы мектепке дейінгі білімі бар маман өздігімен келмейді. Сондықтан, тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің біліктілігін тексеру үшін аттестациядан өткізу маңызды дейді ол.