Мектеп пәндерін біріктіру керек пе? – Аймағамбетов пікірін айтты

Мәжілістің пленарлық отырысынан кейін кулуарда депутат Асхат Аймағамбетов мектептерде пәндерді біріктіру мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, әр пәнді бөлек оқыту маңызды.

Мен енді қазір бұл мәселені естіп отырмын, бұл мәселені тыңдадым. Жаңағы пәндерді бөлеміз бе, бөлмейміз бе – мен өзім қызық көріп, ақпаратты ақтарып көрдім. Әрине, бірінші кезекте физика, химия, математика және басқа да пәндер жалпы мектептерде бөлек оқытылуы керек. Мұнда ешқандай сөз жоқ. Ал олардың барлығын жалпы білім беретін мектептерге біріктіру – бұл енді бассыздық деп айтайын, дұрыс емес, тиімсіз, біз оған дайын емеспіз, – деді Аймағамбетов.

Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталды.

Бірақ жалпы бұл идея дұрыс емес деп айтуға мүмкіндік жоқ, өйткені көп дамыған мемлекеттерде олар STEM арқылы оқытылады. Мысалы, біздің халықаралық мектептерде материалдық базасы болса, олар сол мемлекеттік стандарттағы күтілетін нәтижелерге қол жеткізе алады. Солар туралы айтылатын болса, ол басқа мәселе. Бірақ жалпы білім беретін мектептерге пәндерді біріктіру – ойға қонымсыз, оған жол беруге болмайды, – деді ол.

Асхат Аймағамбетов мемлекеттік стандарттағы түсінбеушіліктерге де назар аударды.

Жаңағы қатты талқыланып жатқан мемлекеттік стандартта бұл мәселе айтылып тұрған жоқ, бұл кішкене түсініспеушілік шығар деп ойлаймын. Құжатты қарасаң, жалпы білім беретін мектептерде математиканы, физиканы, химияны бөлек оқу керек және тек осылай қалуы тиіс. Біз мұғалімдердің сағаты, жалақысы, оқулық мәселесіне дайын емеспіз. Сондықтан кейбір мектептерге қосып оқытуға мүмкіндік беру нормасы туралы айтылған, – деді депутат.

Депутат соңында министрдің ұстанымын қолдады.

Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл мәселе қатты талқыланғаннан кейін мен өзім алып оқып көрдім және түсіндім. Әр пәнді тек бөлек оқыту керек, тек осы шешім дұрыс. Сондықтан министр ханымның бұл ұстанымы менің ойымша өте дұрыс, – деп ойын айтты Аймағамбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы