Мектеп оқушылары Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ғали Омаров атындағы №7 мектеп-гимназиясында «Ауғандағы отты жылдар» атты соғыс ардагерлерімен кездесу өтті.


Шараны ұйымдастырушысы әрі осы мектептің «алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі Елдос Тоқтағазының айтуынша, осындай жиындар арқылы қазіргі жастарды ерлікке, отансүйгіштікке баулу қажет.

«Кеш мақсаты – Ауған ардагерлерін ұлықтап, оларды 30 жылдық мерейтойларымен құттықтау. Жастарға патриоттық тəрбие беру. Ауған соғысында ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің ерлігін паш ету арқылы өскелең ұрпақты келешекте жаужүрек батыр болуға, ел қорғаны болуға үндеп, отансүйгіштікке тəрбиелеу. Батырлықты, төзімділік пен шыдамдылықты, жауапкершілік пен адамгершілікті насихаттау», - дейді ол.

Кешке Нұрлан Аталов, Келс Түлеубеков, Рысбек Нұрмағанбетов сынды Ауған соғысының ардагерлері мен Есіл аудандық Қорғаныс Істер басқармасының бастығы подполковник Рустам Жалбинов және осы басқарманың маманы капитан Қайырбек Акбаров қатысты.

Шара барысында оқушылар ардагерлерге сый-құрмет көрсетіп, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, ардагерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ауған соғысы жайлы мәліметтерге қанықты.

Кеш соңында мектеп оқушылары мен Қорғаныс Істер басқармасы ардагерлерді марапаттап, алғыс хат пен медальдар табыстады.



Әділет Мұсахаев

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы