Мектеп кірпіші үгітілгелі тұр - директор

Тозығы жеткен еден, тонған оқушы, төбеден аққан тамшы. Бұл Рудничный ауылының білім ордасы. Құлағалы тұрған мектепте оқушылар әлі күнге оқып жүр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Әрине, барлығы амалсыздан. Ата-аналары алаңдаса да баласының білімсіз қалғанын қаламайды. Ал қалаға әкеліп оқытуға ыңғайы келмейді, әрі алыс, әрі баласының жолын уайымдайды.

Аты Рудничный болғанымен, заты қазақ ауылы. Моноқаладан арыда орналасқан елді мекен Текелі қаласының бір бөлшегі саналады. Ауыл тұрғындары жыл сайын әуелі мектептің жайын айтады. Әйтсе де жауапты мамандардың әрекеті ақылға томпақ. Жарты ғасырдан асқан нысанға бір де бір жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Есік терезесі де байырғы Кеңес өкіметінен қалған, бәрі сол қалпында тұр.

Мен бұл ауылда тұрғалы осы мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілгенін көрмеппін. Қыс басталысымен балалар үнемі ауырады. Жылу жоқ, жаңа пеш орнатқандай болып еді оның да қуаты шамалы болды. 2000-ыншы жылдардың басында біз оқығанда да терезеден аяз ұрып тұратын. Әлі де сол қалпында, - деді ауыл тұрғыны Василий Дудкин.

Аралас мектептің іргетасы 1970 жылы қаланған. Қазір аталған білім ордасында 200-ге жуық оқушы оқиды. Ата-аналар таңертең «тәубәсін айтып» жібереді екен. Мектептің жылу жүйесінің тозығы жеткен, қабырғалы көгеріп, иістенуде. Балалар қалың киініп бармаса, жаурап, сабақ оқыған құрлы болмайды.

Шыны керек, сөгілгелі тұрған бөлме қабырғалары оқушылардың басына түсер ме деп үрейленеміз. Қанша айтқанмен баланың аты – бала, жүгіріп, секіріп ойнайды. Қашанғы ескертесін, бірі – тыңдаса, бірі – тыңдамайды. Жылыту қазандығы апатты жағдайда екенін бұған дейін де айтқанбыз. Көзбен көріп отырғандарыңыздай кірпіші де үгілудің сәл-ақ алдында тұр, -дейді Әсел Жақсыбаева.

Оның айтуынша, ғимаратқа мамандар күндіз-түні от жағып, күзетеді. Сәл отынды үзсеңіз, іші азынап кетеді. Сондықтан көмірді аямайды. Ол ол ма, төбеден жаңбырдай жауған суды сүртіп отыруға мектепішілік кезекшілік кестесі сызылған. Белгіленген кезекші шірігелі тұрған еденді құрғатып, ары-бері жүгірген оқушылар тайып жығылмауын бақылып отыруы шарт. Шатырды тескен су қабырғанын сылағын түсіріп, оқушылардың ғана емес мұғалімдердің де өміріне қауіп төндіріп тұр.

Кезекші демекші, осында бірнеше жыл жұмыс істеп жүрген жұмысшы Асхат Аманбаев қыстай бір тыңбайтынын айтады.

Таңнан кешке дейінгі тірлігіміз осы. Көмірді пешке үзіліссіз лақтырып отырамыз. Айына екі тоннадан артық көмір жағамыз. Көктемнің ортасына дейін жұмыс қауырт. Сәл отынды үзсен балалар мұздап қалады. Сондықтан шама бар көмірді үнемдемей, отынды аямай жағамыз. Ең қиыны аязда көмір тасу. Пешке көмірді арбаға тиеп әкеліп, толтырғанымызбен бәрібір үлкен нысан оңайлықпен жылымайды. Жалпы, жылу жүйесі істен шыққан. Біздікі құр әурешілік, -дейді Асхат Аманбаев.

«Осындағы халықтің көп тілегі болса, соның үлкені осы мектептің жайы. Көктем келе шатыр басындағы қар ерісе болғаны, балалардан маза кетеді. Үйге жылап та келеді. Жаңбыр жауса мектепке жібергіміз келмейді. Үйге тұмауратып, ауырып келеді. Оның үстіне қалың киіндіріп жібереміз, бала ойнап жүргенде шешініп, тер қатады», дейді ауыл тұрғыны Гүлжамал Қуанбек.

Ал мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Ермек Аманбаев үшінші этаждағы поровойдың мүлде жылымайтынын жеткізді.

Шатырдың үстіне шығып, кейде өзіміз жамаймыз, терезенің желімдейміз. Поровойдың басы жылы болғанымен, аяқ жағы жылаған емес. Ыстық су бармайды. Бақсаңыз, мынау ағаш терезелер осы мектепппен жасты. Сіріңке тисе лаулағалы тұр. Қыстан ілдебайлап шығамыз. Мақта тығамыз, мата байлаймыз әйтеуір қолдан келгенін істейміз. 640 орындық мектепте қазір 220 оқушы оқиды. Ауылда аман санына да азайып бара жатыр. Баласының денсаулығын уайымдаған ата-аналар қашан жөнделетінін айтып, бізге жиі келеді, -дейді маман.

Аталған мәселе қатысты облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Башаров мынандай пікір білдірді.

Бұл мәселемен біз бүге-шүгесіне дейін таныспыз. Жалпы жақында өтетін сессияда аталған жайт қаралатын болады. Өңірлік білім басқармасы тарапынан биылға жобалық сметалық құжаттары дайындалу үшін жалпы соммасы 53 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Сала жауаптылары қаржы бөлінсе келесі жылы Рудничный ауылында жаңа мектеп құрылысы басталады деп отыр. Жалпы Жетісу облысында 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» бағдарламасымен он білім беру мекемесін салу жоспарланған. Сондықтан алдағы уақытта мәселе толығымен шешіледі, - дейді Әлішер Башаров.

Осы күнге дейін мектептің мәселесі кейінге шегеріліп келе жатқанын көңіл құлазытады. Ауыл адамдары да жылда жөндейміз деп уәде беретін биліктің бұл жауабына қанағаттанбай отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы