Мектеп-интернат директоры бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікті ретінде "Шәріпов атындағы Доссор мектеп-интернаты" мемлекеттік мекемесінің директоры Б. Бұйрашева, шаруашылық мәселелері жөніндегі директор орынбасары Г. Күбиева мен сол мемлекеттік мекеменің бас есепшісі Б. Файзуллинаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Олар бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Қызметкерлердің шотына артық мөлшерде жалақы аударып келген. Кейіннен сол қаражатты жинап алып, өздерінің жеке қажеттіліктері үшін жұмсаған.
Сонымен қатар, Бұйрашева өзінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, "ҚАЖ" және "Мәженов" жеке кәсіпкерлерімен генератор және жылыту қазандығын жеткізуге келісім жасасып, техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін және толық көлемде емес тауарларды қабылдаған. Келтірілген шығын 3,5 млн теңгені құрады және бұл сома өтелді.
12 қарашада Мақат аудандық сотымен Бұйрашеваға 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ал Күбиеваға 2 жылға және Файзуллинаға 1 жылға бас бостандықтарына шектеу қойылды. Бұл тұлғалар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.