Мектеп енді тек білім бермейді: Қазақстанда бала денсаулығына басымдық берілмек
Қазақстанда «Саламатты мектеп» бастамасы жаңа кезеңге өтуде. Енді жекелеген профилактикалық іс-шаралардан мектептерде салауатты әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың бірыңғай жүйесіне көшу көзделіп отыр. Бұл туралы Астанада өткен «Саламатты мектеп» бірінші республикалық форумында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде бастама еліміздегі 8048 жалпы білім беретін мектептің 6349-ын, яғни 78,9%-ын қамтиды. «Саламатты мектеп» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасына сәйкес іске асырылып жатыр.
Ендігі міндет – мектептердің бастамаға жай ғана қатысуын емес, олардың ішінде нақты әрі сапалы өзгерістер қалыптастыру.
«Саламатты мектеп» – денсаулық сақтау мен білім беру салаларын біріктіретін кешенді жүйе. Оның аясында баланың денсаулығын мектеп ортасының барлық элементтері арқылы қолдау көзделеді. Оған дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, психологиялық әл-ауқат, санитариялық қауіпсіздік, аурулардың профилактикасы және медициналық көмектің қолжетімділігі кіреді.
Қазақстанда 2026-2028 жылдарға арналған мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту жөніндегі «Саламатты мектеп» іс-шаралар жоспары бекітілді. Барлық өңірлерде жоспарлар мен үйлестірушілер айқындалып, бастаманы іске асырудың бірыңғай алгоритмі енгізілді.
Біздің ортақ міндетіміз – дұрыс тамақтану, қимыл-қозғалыс және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну баланың күнделікті өмірінің қолжетімді бөлігіне айналуын қамтамасыз ету, – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Мектептегі тамақтануға басымдық беріледі
Басым бағыттардың бірі – мектептегі тамақтану.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарындағы тамақтанудың жаңартылған стандарттары қолданысқа енгізілді.
Енді осы стандарттардың мектептерде тікелей орындалуын қамтамасыз ету маңызды. Атап айтқанда, өнімдердің сапасы мен мәзір құрамын, буфет өнімдерінің ассортиментін және тегін ауыз судың қолжетімділігін бақылау қажет.
Медициналық және психологиялық көмек те күшейеді
Мектептерде медициналық және психологиялық көмекті жүйелі түрде көрсету де маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, ауруды немесе денсаулыққа қатысты басқа да проблеманы анықтау көмек көрсету процесінің соңғы нүктесіне айналмауы тиіс.
Жаңа тәсілде жауапкершілік аймақтары да нақты бөлінген. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сүйемелдеуге және профилактикада дәлелді тәсілдерді қолдануға жауап береді.
Ал Оқу-ағарту министрлігі қауіпсіз әрі денсаулықты сақтауға бағытталған білім беру ортасын қалыптастыруға жауапты. Өңірлер өз кезегінде үйлестіру мен қажетті ресурстарды қамтамасыз етеді.
«Саламатты мектеп» цифрланады
Бастаманың цифрлық құрамдас бөлігі де дамып жатыр. 2026 жылы HPS порталы кешенді жаңғыртудан өтті.
Бұл біртіндеп тек қатысушылардың санын есепке алудан мектеп ортасының жай-күйін бағалауға және нақты өзгерістерді жоспарлауға көшуге мүмкіндік береді.
Осылайша, «Саламатты мектеп» нәтижесі тікелей мектептен көрінетін жүйеге айналуы тиіс. Яғни бала дұрыс тамақтануға, дене белсенділігіне, медициналық және психологиялық көмекке қол жеткізеді, ал мектептің өзі салауатты әдеттерді қалыптастыруға жағдай жасайды.
Форум қорытындысы бойынша қарар қабылданды
Астанада өткен «Саламатты мектеп» бірінші республикалық форумы еліміздің барлық өңірінен 2000-нан астам қатысушыны біріктірді.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық модельді одан әрі дамыту жөніндегі ортақ ұстанымды бекіткен қарар қабылдады.
Бұл құжат 2026-2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік органдардың, өңірлердің, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, кәсіби және сарапшылық қоғамдастықтың, сондай-ақ халықаралық әріптестердің жұмысын біріктіруге негіз болады.
Форумды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы ұйымдастырды.
Жиынға мемлекеттік органдардың, өңірлік білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, мектеп басшылары мен педагогтер, мектеп дәрігерлері мен медицина қызметкерлері, сондай-ақ ДДСҰ, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО өкілдері, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық қатысты.