Мектеп директоры vs TikTok жұлдызы: Заманауи ұстаз бейнесі қандай болуы керек?
Қоғамда мұғалім бейнесі мен миссиясына қатысты талап әрқашан биік. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде, әсіресе TikTok-та контент жасап, түрлі челлендждерге қатысып жүрген ұстаздар қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр. Бірі – бұл мұғалімнің заманауи болмысы, оқушымен жақындасу тәсілі десе, енді бірі – ұстаз абыройына көлеңке түсіретін әрекет деп сынап жатыр.
Цифрлы дәуірде мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар аудиториямен түрлі алаңда байланыс орнататын тұлғаға айналып келеді. Бірақ сол байланыс шегінен асып кеткен жоқ па? Заманауи ұстаз бейнесі қандай болуы керек? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
“Ұстаздың бейнесі мен беделі өте маңызды”
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің әлеуметтік желілердегі белсенділігіне қатысты ойын айтты.
Осы мәселені әріптестеріме айтқанымда “сенің ойың заманауи емес, сен өзің жап-жассың, неге осылай ойлайсың?” деп еді. Бұл консервативті көзқарас болуы мүмкін. Әрине, қазір TikTok-тың, Instagram-ның, Netflix-тің заманы. Оны түсінеміз, бірақ бізде құндылықтар деген бар, мұғалімнің, директордың, ректордың бейнесі бар, – деп айтты депутат.
Аймағамбетов ұстаздың имиджі маңызды деп санайды.
Балаларға жақын болу өте маңызды. Мен өзім қазіргі уақытта ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Бірақ біз оқушы кезімізде мұғалімдерді қалай қабылдадық? Кейбір ұстаздарды тік тұрып, тіпті дем алмай, құрметтеп, пір тұтатынбыз. Бірақ бәрі бірдей болған жоқ. Сондықтан ұстаздың бейнесі, имиджі, беделі өте маңызды. Оны күнделікті күлкіге, әзілге айналдырып жіберсек не болады?! Рилстің аты рилс, жұмысты көрсету керек, балалармен жақын қарым-қатынас болуы керек. Бірақ балалармен анекдот айтып, әлеуметтік желілердің трендтерінен қалмаймын деп жүргені сұрақ туғызады. Сол себепті бұл бағытта министрліктің өз ұстанымы болуы керек, – деп айтты Мәжіліс депутат.
Аймағамбетов білім саласын өзі басқарып тұрғанда да бұл мәселені қолдамағанын және одан әріптестері хабардар болғанын атап өтті. Сондықтан ол кезде бұл мәселе өршімеген.
Әр нәрсенің өз реті болады. Кез келген нәрсені рилсқа түсіріп, Instagram-ға жариялау дегенді түсінбеймін. Мысалы, менің балам да мектепте оқиды. Мектепке ресми түрде хат жазып, балам оқитын сыныпты рилсқа түсіруге қарсы екенімді жаздым. Балам өз бейнесіне өзінің ғана жеке құқығы бар. Қазір фейк, дипфейк, ЖИ уақытында адамның бейнесін түрлі бағытқа пайдалануға болады. Рилс жасау да оңай емес. Мысалы, видеоны кесіп, монтаж жасауға қаншама уақыт қажет. Ал мұғалімдердің уақыты бірінші кезекте қайда бағытталуы керек? Әрине, баланы оқытуға, білім беруге. Сондықтан бұл жерде дұрыс бағытты тапқан дұрыс. Баламен бір толқында боламын деп, бірге секіріп жүрсең, содан бала ақылды болып, сені тыңдайды дегенге келісе алмаймын. Өйткені бізде педагогика ғылымы бар. Баламен қалай жұмыс істеу керегі толығымен зерттелген. Міне, осы ғылыми тұжырымдамалардың шеңберінде жұмыс істесең, балаға дұрыс білім берсең болды, - деп ойын айтты Асхат Аймағамбетов.
Мектеп директорлары TikTok жұлдызына айналуы керек пе?
Facebook қолданушысы Шынар Құрманғали де трендке еріп жүрген ұстаздардың әрекетін сынады.
Біздің қоғамда біреу танымал болса, шектен тыс “басымызға көтеріп жіберетін” әдет бар. Соңғы кезде TikTok-та танылған кейбір мектеп директорлары мен дін қызметкерлері қоғамның ерекше назарында жүр. Біреуі ән айтып, біреуі шоуға шығып, бірі тіпті ел аралап қонақтан-қонаққа барып жүр. Ал желідегі жұрт “қандай креатив директор, қандай заманауи имам!” деп мәз, - деп жазды ол.
Шынар Құрманғали мәселенің екінші жағына да үңілу керегін айтады.
Мысалы, Ақмоншақ Нұртаза есімді мектеп директоры Instagram-да екі айда 200 мыңға жуық жазылушы жинап, қазір іс-шарадан іс-шараға барып жүр. Тағы бір астаналық директор инстаграмға әзіл видеолар сала бастаған. Көп ұзамай бұл трендке өзге де мектеп басшылары ілесіп кетуі мүмкін. Енді ертең барлық директор TikTok түсірумен, тренд қуумен, қаралым жинаумен әуре болса мектепті кім басқарады деп ойлайсың. Білім беру жүйесінде дәл қазір басты мәселе – сапа мен кадр. “Жайлы мектептер” салынып жатыр, бірақ оларда жұмыс істейтін білікті мұғалімдер жетіспейді. Университеттер педагогтерді жеткілікті мөлшерде дайындап үлгермей жатыр. Ал мектептер бос орындарды толтыру үшін кез келген “педагог дипломы бар” адамды жұмысқа ала салады. Бұл сапаға тікелей әсер етеді, - деп санайды отандасымыз.
Құрманғалидің пікірінше, осындай кезде мектеп директоры ең алдымен басқарушы, жауапты тұлға болуы тиіс. Оның уақыты, назары, мотивациясы контентке емес, оқу сапасы мен тәрбие жұмысына бағытталуы қажет.
TikTok арқылы мектеп абыройын көтереміз десек, ол ұзақмерзімді нәтиже бермейді.
Креатив керек, заманауи болу керек. Айтқым келгені осы. Бірақ білім беру саласындағы жауапты тұлғалар – TikTok жұлдызы емес, сапалы білім мен тәрбиенің көшбасшысы болуы тиіс. Келешек TikTok-та емес, мектептің ішінде қалыптасады, - деді ол.
“Мен өзімді “лайк қуған” басшы деп есептемеймін”
Әлеуметтік желілерде контент түсіріп, белсенді болып жүрген Ы.Алтынсарин атындағы Binom school мектеп-лицейінің директоры Берікболсын Кемелбектен осы мәселеге қатысты ойын білдік.
Иә, соңғы кезде әлеуметтік желі белсенділігіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Бұл мәселеге келгенде әр педагогтің парақша жүргізудегі мақсаты мен ниетіне назар аудару маңызды деп ойлаймын. Мен өзімді “лайк қуған” басшы деп есептемеймін. Әлеуметтік желі – мен үшін өзін-өзі жарнамалау құралы емес, тәрбие мен білімді насихаттайтын ашық алаң. Менің парақшамда жарық көріп жатқан жазбалар – оқушылардың сұранысымен жасалған контенттер, кітап оқуға ынталандыратын ұсыныстар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ойлар мен ұстаздарға арналған мотивациялық бағыттағы дүниелер, - деп айтты мектеп директоры.
Берікболсын Кемелбектің айтуынша, әлеуметтік желідегі белсенділігі – бұл оқушыларының сұранысы, одан бөлек еңбек демалысы кезінде де мектеп өмірінен, оқушылардан, ұлттық мәдениеттен алыстамаудың бір жолы.
Біз бүгінгі буынға оқулық арқылы ғана емес, оқиға арқылы, өмір арқылы әсер ететін ұстаз болуымыз керек. Ал қазіргі өмір – әлеуметтік желімен тығыз байланысты. Сондықтан ұстаздың парақшасы да тәрбиелік мәнге ие болуы мүмкін. Мәселе парақшаның формасында емес, мазмұнында. Аймағамбетов мырзаның сөзіне құрметпен қарай отырып, бұл тақырыпта жалпылама емес, нақты мысалдарға сүйеніп сөйлескен дұрыс деп есептеймін. Белсенділік пен белсенді еместік – тек онлайн емес, шынайы өмірдегі әрекетпен өлшенуі керек деп ойлаймын, - деп санайды мектеп басшысы.
Қоғамдағы әр пікір – бір көзқарас. Бірі ұстаздың желідегі белсенділігін жаңашылдық деп қабылдаса, енді бірі мұны маман абыройына нұқсан келтіреді деп санайды. Басты мәселе – пішінде емес, мазмұнда. Контент оқушыға үлгі бола ма? Ұстаздың парақшасы тәрбиелік мәнге ие ме? Міне, қоғамды алаңдатқан түйткіл осы.
Алдағы уақытта осы мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігінің ұстанымын білеміз.