Мектеп директоры vs TikTok жұлдызы Ақмоншақ Нұртаза: "Бәрін тоқтаттым"
Желіде танымал болған Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза қызметінен кететінін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бәрін тоқтаттым. Мектеп, қызмет, әлеуметтік желі. Келесі қадам ???, – деп жазды директор инстаграм парақшасында.
Айта кетейік, директор Ақмоншақ Нұртаза мектебіндегі 11-сынып түлектерімен бірге Димаш Құдайбергеннің орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің "Тау ішінде" әніне арналған TikTok челленджге қатысып, әншінің Лондондағы концертіне билет ұтып алған болатын.
Директор әлеуметтік желілерде ерекше белсенділігімен танымал болды. "Директормен шай" атты бейресми жобаны қолға алып, жастармен жаңа форматта байланыс орнатуға ұмтылған.
Сонымен қатар мектептегі күнделікті өмірді, оқушылармен қарым-қатынасын, мұғалімдердің еңбегін жиі жариялап, білім саласындағы оң өзгерістерге қоғам назарын аударуға тырысты.
Ақмоншақ Нұртазаның бастамалары мен креативті тәсілдері көптеген ата-аналар мен оқушылар тарапынан жылы қабылданды. Қарапайым ұстаз бен оқушы арасындағы ресми қатынасты өзгертуге талпынған оның жұмысы көпшілікке үлгі болды.
Қазір желі қолданушылары бұрынғы директордың келесі қадамын қызығушылықпен күтіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін "заманауи ұстаз бейнесі қандай болуы керек?" деген сұрақтың жауабын іздеп көрген болатынбыз.