Жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектеп директорлары түзету мекемесіне барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте мектеп директорлары тергеу изоляторында қамаудағыларды ұстау шарттарымен таныстырылды.

"Шымкент-адалдық алаңы" жобасы аясында қала мектептерінің 60-қа жуық директоры Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/11 (тергеу изоляторы) мекемесіне барып, онда қамаудағыларды ұстау шарттарымен танысты.

Аталған шара Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен (ҚАЖ) бірлесе ұйымдастырылды.

Басты мақсат – сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің салдарын көрсету, сонымен қатар, білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері қатысушыларды ұстау орындарындағы режиммен таныстырды.

Мектеп директорларына арнап осындай іс-шара ұйымдастырудың себебі талдау барысында білім беру жүйесінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің анықталуы болып отыр.

Сонымен қатар, мониторинг нәтижесімен кадр мәселелері, аттестаттау, тестілеу, лауазымға тағайындау бойынша сыбайлас жемқорлық алғышарттары анықталды.

Талдау нәтижелері жедел іс-шараларды өткізуге себеп болып, онда заңсыз сыйақылар алу кезінде білім басқармасы басшысы орынбасарларының бірі, сондай-ақ мектеп директорлары ұсталды.

Тергеу және жүргізілген талдау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органға тиісті ұсыныстар енгізілді.

Түзеу мекемелеріне бару тәжірибесін сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған басқа да салаларға тарату жоспарланып отыр, - деп атап өтті Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басқарма басшысы Н.Қасымбеков.

Сондай-ақ, Қасымбеков жаңа жылдық мерекелер қарсаңында азаматтарды, мемлекеттік қызметшілерді, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін сыйлық бермеуге және алмауға шақырды.

Айта кету керек, жалпы биылғы жылдың 11 айында Департаментте 58 қылмыс тіркелген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы