ШҚО-да мектеп түлектерінің өзге өңірлерден білім алуы 30% азайған
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысында мектеп түлектерін өңірде қалдыру бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудан, қалаларға аттанған арнайы комиссиялар мектеп түлектері мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жұмыстың оң нәтижесі де жоқ емес. Атап айтсақ, 2016 жылдан бері мектеп түлектерінің өзге өңірлерге ағылуы 30 пайызға азайған. Бұл жөнінде облыс әкімі аппаратының кеңейтілген отырысы барысында ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанова хабарлады.
«Сапалы жоғары білім алу бойынша үшінші бастаманы іске асыру мақсатына облысымызда «Білікті маман» өңірлік бағдарламасы жасалған. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар мектептегі білім сапасын арттыру және материалдық-техникалық базаны жақсарту, оқушылармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істеу, яғни кәсіби үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекелестік қабілетін арттыру сияқты үш бағыт бойынша іске асырылуда», - деді Айгүл Байжанова.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда жеті жоғары оқу орны бар. Мектеп түлектерінің басқа өңірлерге деген ағымын азайту мақсатында 2017 жылдан бері қажетті деген мамандықтар бойынша жергілікті бюджет есебінен жыл сайын гранттар бөлініп келеді. Атап айтсақ, 2017 жылы бұл мақсатқа – 200, ал 2018 жылы – 446 грант бөлінсе, биыл да 400 грант бөлу көзделген. Бұдан бөлек, жоғарғы оқу орындарының өз тарапынан да бөлінетін гранттары бар.
«Оқушыларға болашақ кәсібін дұрыс таңдауы үшін мектептерде 122 кәсіби кабинеттер жасақталды. Сонымен қатар, өңірдегі жоғары оқу орындары да өз тараптарынан арнайы топтар құрып, 2018 жылдың қазан 2019 жылдың мамыр айы аралығында аудан, қалалардағы мектептердің түлектерімен, олардың ата-аналарымен насихат жұмыстарын жүргізуге жіберілді. Осының арқасында өзге өңірлерге, я болмаса басқа елдерге оқу-тоқу іздеп кетушілер санын 30 пайызға азайтуға қол жеткізілді», - деп қосты Айгүл Оралғазықызы.
Жауапты тұлғаның айтуынша, егер 2016 жылы 1800 түлек басқа өңірлерге бет алса, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде 2018 жылы көрсеткіш төмендеп 636 түлекті құраған. Жоғары оқу орындарына түсем деушілер саны да біршама ұлғайған. Атап айтсақ, 2017 жылы барлық Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен түлектердің 48 пайызы ғана жоғары оқу орнын таңдаса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 58 пайызға жеткен.