Мектеп бітірушілер елді жаппай көгалдандыруға кірісті
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, экочеллендж бүкіл ел бойынша өтті.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Түлектердің ағаш егуі» эко-челленджі ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара Қазақстанның барлық өңірінде бір мезгілде өтіп, кең ауқымды экологиялық қозғалысқа айналды.
Игі бастама жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Акция барысында мектеп бітірушілер ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға белсенді атсалысты.
Министрлік дерегінше, биыл эко-челленджге 9 және 11 сыныптардың 100 мыңнан астам оқушысы қатысты. Олар мектеп аумақтарында, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде ағаш егіп, қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосты.
Айта кетейік, бұл бастама қатарынан төртінші жыл өткізіліп отыр және бүгінде дәстүрлі шараға айналған.
Сонымен қатар елдегі барлық білім беру ұйымдарында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» жарияланған. Оның аясында «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» сынды бірқатар республикалық акциялар ұйымдастырылды. Бұл шаралар оқушыларды кітап оқуға, қайырымдылыққа және экологиялық мәдениетке баулуға бағытталған.
Бұдан бөлек, «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы шеңберінде мектептер мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін «Келешек мектептері» жобасының оқушылары да сенбілікке қатысып, қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді үлес қосқан еді.