Мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында 2019-2020 оқу жылында 261 мектепте 6060 оқушы 11-сыныпты аяқтайды. Оның ішінде, 5161 бітіруші ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. 

Жалпы ҰБТ өткізудің форматы өзгеріссіз. Жылдағыдай 5 пән бойынша 120 сұрақтан тұратын тест тапсырып, ең жоғары 140 балл жинауға мүмкіндік болады. ҰБТ өткізілетін уақыты: 20 маусым - 5 шілде аралығында. Биыл ҰБТ сертификаты мен мемлекеттік гранты иелену куәлігі электронды форматта беріледі. Облыста 9 тестілеу пункті жұмыс жасайды. Білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес барлық пунктер талапқа сай жабдықталған. Бұл туралы брифинг барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов хабарлады.

Оқу жылы толығымен 25 мамырда аяқталады. Министрлікпен кітаптарды мектепке тапсырудың тәртібі белгіленген. Әр мектеп оқушылардын кітаптарын әзірленген қабылдау графигіне сәйкес қабылдайды. Бұл ретте санитарлық шаралар қатаң сақталады. Оқулықтарды жинау мерзімі: 23-30 мамыр аралығы. Негізі оқулықтарды ата-аналар тапсыру қажет. Егер ондай мүмкіндік болмаса, 9-11 сынып оқушыларына өздері тапсыруға рұқсат беріледі.

"Соңғы қоңырау" салтанатты жиындары мен мемлекеттік емтихандар өткізілмейді. Аттестатқа қорытынды баға жылдық бағалар негізінде қойылады.

"Алтын белгіге" үміткерлері мен 6060 бітіруші түлектер үшін "Аттестат тапсыру" және "Соңғы қоңырау" шаралары біріктіріліп, салтанатты жиындар 3-4 маусым күндері өткізіледі. Шаралар мектептің сыртқы ауласында ұйымдастырылады. Салтанатты кешке мектеп бітірушілер мектеп формасымен қатысады. Сондай-ақ, ата-аналар мен оқушылардың үйлерде, ресторандарда жиналып мектеп бітіру кештерін өткізуге және автокөлікпен картежге шығуына қатаң тыйым салынады.

Сондай-ақ, брифингте Бағдат Бердәулетов балабақшалардың жұмыс кестесі туралы айтты. 

Балабақшалардың қызметін қайта іске қосу бойынша облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 10 мамырдағы №12 қаулысына сәйкес 18 мамырдан меншік нысанына қарамастан күшейтілген санитарлық–дезинфекциялық режиммен балабақшалардағы кезекші топтар жұмысын қайта бастайды. Білім және ғылым министрлігі тарапынан ашылатын балабақшаларға қойылатын санитарлық талаптар мен қызметін реттейтін алгоритм дайынданды. Талаптарға сәйкес облыстағы бөбекжайларды ашуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген ереже бойынша балабақшалардың кезекші топтарына бірінші кезекте ата-аналары жұмыс жасайтын және балаларды үйге қалдыруға мүмкіндігі жоқ отбасы балалары қабылданады - деді ол.

Алгортим бойынша балабақша ғимараты мен аумағына күшейтілген санитарлық дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Балалар учаскелік педиатордың рұқсат қағазымен қабылданады, қызметкерлер де тұрғылықты жері бойынша емханалардан денсаулығы жөнінде анықтама алуы қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы