Мектеп, баспана мәселесі. Жеңіс Қасымбек елордадағы проблемалар қалай шешілетінін айтты

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Atameken business арнасына берген сұқбатында елорданың қалай дамып жатқаны және әлеуметтік-экономикалық мәселер қалай шешілетіні жайында сөз қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қала мэрі қазіргі күні бас қала тұрғындарының саны 1,3 млн-ға жуықтайтынын айтып, елордалықтар саны күннен-күнге өсіп келе жатқанына тоқталды.

Ең басты мақсатымыз - жыл сайын 40 мың тұрақты жұмыс орнын ашу. Оған қоса, оқу орындарын, яғни мектептер ашу жоспарда бар. Мысалы, қазір әкімдік 14 мектеп салып жатыр. Оның 11-і биыл іске қосылады. Сонымен бірге басқа да жекеменшік мектептер салынып жатыр. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы басталды. Президенттің тапсырмасымен биыл Астанада 24 мектептің құрылысы басталады. Осылайша алдағы екі-үш жылдың ішінде 40 мектеп саламыз. Бұл шамамен 100 мың орын, - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, жыл сайын мектепке 1-сыныпқа 25-26 мың бала барады. Ал мектепті бітіретін балалар саны 7 000-8 000. Сонымен қатар мектепке баратын балалардың саны жыл сайын 17 мыңға өсіп келеді.

Кем дегенде 10 мектепті салуға міндеттіміз. Оған елорданың қауқары жетеді. Ең бастысы мектептер салынып жатыр. Енді 3-4 жылдың ішінде онда сабақ беретін мамандарды даярлау қажет. Ол жұмыс бүгінгі күні басталып кетті. Астанада 2024-2025 жылға дейін қосымша 7 000 мұғалім болады деп жоспарлап отырмыз, - деді әкім сұқбатта.

Елорда басшысы атап өткендей, бас қалада биыл 11 мектеп, ал келесі жылы тағы 24 мектеп қолданысқа беріледі. 11 мектептің жартысы биыл Есіл ауданында ашылады. Әкім тұрғындардың мектептегі оқушы орны тапшылығы мәселесін жиі көтеретінін айтты. Енді оның шешімі табылып отыр.

Жеңіс Қасымбек оқушы орны тапшылығы келесі жылы толығымен жойылатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар қала басшысы елорданың экономикалық жағдайына тоқталып өтті.

Қалада инвестициялық ахуал жаман емес. Мысалы, 2021 жылы қалаға келген инвестицияның көлемі 1,2 трлн теңге болса, 2022 жылы 1,5 трлн теңгеге жетті. Қазір бірінші тоқсанның нәтижесі бойынша қалаға келген инвестицияның көлемі былтырмен салыстырғанда 20 пайызға өсті. Инвесторлар қаламен жұмыс істеп жатыр. Олар қалаға, қабылданған заңдарға, қаладағы инвестициялық климатқа сеніп отыр. Бір айта кетерлігі, инвестицияның көп бөлігі құрылыс саласына (26 пайыз) келіп жатыр. Қалғаны өндіріс және басқа да салалар. Тағы бір қуантатын жайт - денсаулық сақтау мен білім саласына салынған инвестициялар көлемі 10 есеге артты, - деп түсіндірді Қасымбек.

Сұқбатта Астана басшысы қаладағы басқа да өзекті мәселелерге тоқталды.

Қаладағы маңызды мәселелердің бірі - тұрғын үй. Қазір әлеуметтік мәселе бойынша 47 000-48 000 отбасы үй кезегінде тұр. Соның ішінде 17 мыңы көпбалалы отбасылар. Астанаға келген азаматтың көбі проблемаларын шешуге келеді. Солардың қатарында көпбалалы отбасылар және басқа да мұқтаж азаматтар бар. Мәселенің тағы бірі - құрылыстары тоқтап қалған үлескерлердің проблемасы. Кезінде олардың саны 16 мың адам болатын. Қазір 4 000 үлескер қалды. Осы жылдың соңына дейін Президенттің тапсырмасымен бұл мәселені шешуге міндеттіміз. Осындай 32 проблемалы тұрғын үй бар. Олардың кілттері желтоқсан айына дейін беріледі, - деп айтты әкім сұқбатта.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы