Мексикадағы тәртіпсіздіктерден қаза тапқандар саны 73-ке жетті
Мексикада 22 ақпанда «Халисконың жаңа буыны» (CJNG) картелінің басшысы, елдегі ең көп іздеуде жүрген есірткі барондарының бірі Эль Менчоның жойылуынан кейін басталған зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқандар саны 73 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мексиканың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, әсіресе Халиско штатында және бірқатар өзге де өңірлерде картель мүшелері ұйымдастырған зорлық-зомбылық әрекеттері жалғасып жатыр.
Қақтығыстар барысында жалпы 73 адам қаза тапқан, оның 25-і – қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.
Мексиканың Қауіпсіздік және азаматтарды қорғау министрі Омар Гарсия Харфуч қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін мәлімдеп, халықты сабыр сақтауға шақырды.
Оның айтуынша, жолдардың басым бөлігі қайта ашылған, құқық қорғау органдары жағдайды бақылауға алған, елдегі өмір біртіндеп қалыпты арнаға түсіп келеді.
Алайда әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаларда бірқатар штаттарда жолдарды жабу, көліктерді өртеу және қауіпсіздік күштері қызметкерлеріне шабуыл жасау фактілері әлі де жалғасып жатқаны көрінеді.
Баспасөз мәліметінше, шабуылға ұшыраған 15 қауіпсіздік қызметкерінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Сондай-ақ үкімет зорлық-зомбылық аса қарқынды сипат алған штаттарға 10 мың әскери қызметкер жібергені хабарланды.