Мексикада толассыз жауын салдарынан 41 адам қаза тапты
Мексиканың бес штатында нөсер жауын мен соның салдарынан болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 41 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы елдің Қоғамдық қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
Штаттардан 41 адамның қаза болғаны туралы ақпарат келіп түсті: Веракруста – 15, Пуэблада – 9, Идальгода – 16, Керетарода – 1 адам. Тағы 27 тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен. Олардың отбасыларына тиісті қолдау көрсетіліп жатыр, – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Аталған ведомствоның мәліметінше, 6–9 қазан аралығында Мексиканың бірнеше аймағында өте көп мөлшерде жауын жауған. Мысалы, Веракруста – 540 мм, Пуэблада – 487 мм, Сан-Луис-Потосиде – 298 мм, Идальгода – 245 мм, ал Керетарода – 232 мм жауын-шашын тіркелген.
Ел президенті Клаудия Шейнбаумның тапсырмасымен зардап шеккен аймақтарда азаматтық қорғаныс жоспарлары іске қосылып, әскер мен теңіз күштерінің бөлімшелері жұмылдырылды. Уақытша баспаналар мен ауызсу тазартатын мобильді бекеттер орнатылған.
Сондай-ақ министрлік Федералды электр энергиясы комиссиясының деректеріне сілтеме жасап, бес штатта 320 мыңнан астам абонент жарықсыз қалғанын, қазіргі таңда олардың 75 пайызының жарығы қайта қалпына келтірілгенін нақтылады. Бұдан бөлек, мың шақырымнан астам жол инфрақұрылымы бүлінгені белгілі болды.