17 Қазан 2026, 15:21 Фото: istockphoto.com

Мексика жағалауында кеме апатқа ұшырап, 11 адам із-түзсіз жоғалып кетті

АҚШ жағалау күзеті 16 адамды құтқарды. Зардап шеккен екі адамның жағдайы ауыр, тағы 11 адам іздестіріліп жатыр.

Тынық мұхитында Мексиканың Төменгі Калифорния штаты жағалауында кеме апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 11 адам із-түзсіз жоғалған.

Associated Press басылымының мәліметінше, АҚШ жағалау күзеті 16 адамды құтқарған. Кеме Энсенада қаласынан батысқа қарай шамамен 225 шақырым қашықтықта суға батқан.

Мексика консулдығының хабарлауынша, құтқарылғандардың барлығы – Мексика азаматтары. Олардың бірін акула тістеген болуы мүмкін. Тағы екі адамның жағдайы ауыр.

Зардап шеккендер тікұшақпен Сан-Диегодағы ауруханаларға жеткізілді. АҚШ пен Мексиканың әскери-теңіз күштері із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Кеме апатының себептері анықталып жатыр.