Мексика әлем чемпионаты кезінде Иран футболшыларын қабылдауға дайын
Иран құрамасы әлем чемпионаты барысында АҚШ аумағында бірнеше матч өткізеді деп жоспарланған.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Иран футбол құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде Мексикада орналасатынын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Оның айтуынша, бұл шешім АҚШ тарапынан Иран командасын қабылдауға қатысты шектеулерге байланысты қабылданған. ФИФА өтінішінен кейін Мексика үкіметі ұлттық құраманы турнир барысында өз аумағында орналастыруға келіскен.
Иран футбол федерациясы бұған дейін команданың базасын Аризонадан Мексиканың Тихуана қаласына көшіру туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Бұл виза рәсімдерін жеңілдетіп, сапар логистикасын оңтайландыру мақсатында жасалып отыр.
Иран құрамасы әлем чемпионаты барысында АҚШ аумағында бірнеше матч өткізеді деп жоспарланған. Алайда команда турнир кезеңінде Мексикада тұрып, сонда дайындық жұмыстарын жалғастырады.
Шейнбаум Мексиканың мұндай шешімді қабылдауға ешқандай кедергі көрмейтінін атап өтті.