13 Тамыз 2026, 12:10 Фото: pexels.com

Қажылыққа бармақ болған 37 адам алданып қалды: Екі астаналық сотталды

Instagram арқылы ұсынылған сапарға сенген азаматтар 60 млн теңге төлеген. Бірақ Мекке мен Мәдинаға жол жүру сол күйі жүзеге аспаған.

Астананың екі тұрғыны Instagram арқылы Сауд Арабиясына зиярат етуге ниетті адамдардан ақша жинаған. Ұйымдастырушылар сапардың Мекке мен Мәдина қалаларына жоспарланғанын айтқан. Алайда 37 клиент қасиетті мекендерге аттана алмай қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Екі ер адам алдын ала сөз байласып әрекет еткен. Олар әлеуметтік желіде қажылық сапарын ұйымдастыру туралы хабарландырулар жариялап, Сауд Арабиясына барғысы келетін азаматтардан төлем қабылдаған.

Адамдар ұсынысқа сеніп, оларға жалпы сомасы 60 млн теңге берген. Алайда ұйымдастырушылар клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындамаған және алған ақшаны өз қалауларынша жұмсаған.

Осыдан кейін қылмыстық іс сотқа жетті. Сот екі ер адамды да кінәлі деп танып, әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айырды.

Жәбірленушілер ақшаларын қайтаруды талап етіп, азаматтық талап арыз берген. Сот олардың талаптарын қанағаттандырды. Осыған байланысты сотталғандардан келтірілген материалдық шығын өндіріліп алынуы тиіс.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Осы жағдайдан кейін Астана прокуратурасы азаматтарды қажылық пен зиярат сапарларын ұйымдастыру туралы ұсыныстарға мұқият болуға шақырды. Сондай-ақ сенімділігіне күмән бар делдалдарға ірі көлемде ақша бермеуге кеңес берді.

Тағы оқи отырыңыз: Қажылық-2026: Мәдинада қазақстандықтарға тәулік бойы көмек көрсетіледі 

Қажылыққа барғысы келетіндерге ескерту: Сауд Арабиясы жаңа талап енгізді 

«Қажылық-2026»: Меккеге кіруге қатысты жаңа шектеулер енгізілді