Мекеме атауларын латын әліпбиінде таңбалау мәселесі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ш.Шаяхметов атындағы «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қала, аудан және облыс мекеме атауларын латын әліпбиінде таңбалау» атты республикалық онлайн семинары өтті.
Онлайн семинарда орфографиялық топ мүшелері тарапынан әзірленген «Қала, облыс, аудан мекеме атауларының анықтамалығы» талқыға салынды. Сарапшы мамандар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, авторларға жолданды. Сарапшылар тарапынан бірқатар мәселелер көтеріліп, семинарға қатысушылар талқысына салынды.
Филология докторы (PhD)Әсем Қасымова Қазақстанның барлық өңірлерінде эргонимдердің жазылуында бірізділіктің болмайтындығын, көбінесе атаулардың орыс тілінде беріліп, қазақшаға қате аударылатындығын, бір ғана мекеме, ұйым атауларының қазақша нұсқасы әртүрлі берілетіндігін, грамматикалық тұрғыдан қате жазылуы жиі кездесетіндігін атап өтіп, мұндай олқылықтарды ретке келтіруде Анықтамалықтың аса қажет екендігін атап өтті.
«Алматыкітап» баспасының бас редакторы Өмірзақ Әбдішүкірұлы Қазақстан атауы халықаралық аренада әлі де советтік нұсқамен жазылып жатқандығын, халықаралық Kazakhstan және қазіргі қолданыстағы Qazaqstan атауларының қолданылуын реттеу керектігін айтты.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы меңгерушісі Жұпар Жақанова қазіргі тілдік кеңістіктегі эргонимдердің сауатты жазылуын латыннегізді графикаға көшер тұста реттеп алудың аса маңыздылығын және бұл мәселе тектілші ғалымдарды ғана толғандырып қоймай, тұтас қоғам назарында болатын мәселе екендігін атап өтті.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекетік университетінің доценті Света Саменова жекеменшік коммуналдық ұйымдар атауларын арнайы дайындығы жоқ көптеген жарнамалық агенттіктердің қызметкерлері қоятынын, эргонимдерді теориялық базаға сүйене отырып біріздендіру керектігін тілге тиек етті.
Онлайн семинарға Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының, ШҚО Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің, Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы бөлімінің, Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының басшылары мен мамандары қатысты.