Медсақтандыру жүйесі денсаулық сақтаудағы қызметтің өрісін кеңейтті - министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген соң 2020 жылдан бері консультациялық-диагностикалық қызмет көлемі 8 есеге жуық артқан.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу халық үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, соның ішінде басымдыққа ие және бұрын қаржыландырылмаған бағыттарды кеңейтті. МӘМС жүйесі енгізілгенен бері амбулаториялық қызметтер мен жоспарлы отаны күту уақыты айтарлықтай қысқарып, 2019 жылдан бері жоғары технологиялық операциялар саны 3 есеге артты. Елімізде МӘМС енгізілгенге дейін болмаған медициналық оңалту, КТ, МРТ, ПЭТ сынды қымбат тексерістер дамып жатыр. Медициналық көрсетілімдері бар азаматтардың барлығына қолжетімді болып, амбулаториялық дәрілерді алатындардың саны көбейді, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол кез келген өзгеріс қаржы ресурстарын талап ететінін алға тартты. Медсақтандыру жүйесі енгізілгелі қаржыландыру мен қосымша қаражат тарту 80%-ға ұлғайған. Атап айтқанда, кәсіби тексеріске, медициналық оңалтуды қаржыландыру 2 есеге, консультациялық-диагностикалық қызметке – 7,7 есеге, стационарлық көмекке – 54%-ға, ауылдық елді мекендердегі стационарлық және стационардың орнын алмастыруға – 2,2 есеге жоғары технологиялық медициналық қызметтерге – 62%-ға өскен.