Медсақтандырумен қанша қазақстандық қамтылған?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов Қазақстанда МӘМС жүйесі енгізілген бір жылдың қорытындысы туралы айтты.

Жүйе іске қосылған алғашқы жыл барлығымыз үшін үлкен сынаққа - коронавирустық пандемияға тап болды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің  бірінші жылының қорытындылары медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс істегенін, осы төтенше жағдай кезеңінде денсаулық сақтау саласы үшін қаржылық «қауіпсіздік жастығын» құрғанын көрсетті. Ең бастысы, медициналық көмек көлемін арттыру үшін жағдай жасады, - деді Болат Төкежанов 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан халқының 84%-ы сақтандырылған. Шектеу шаралары мен бизнестің және халықтың төлем қабілеттілігінің төмендеуін ескере отырып, жүйеге қатысушыларының саны 1 млн адамға артып, 15,9 млн адамға жетті.

3 млн-нан астам қазақстандық әлі сақтандыру жүйесімен қамтылмаған. Осыған байланысты халықты МӘМС-ке тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Өңір әкімдіктері «Атамекен» ҰКП, Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелері мен медициналық ұйымдарды тарта отырып, өңірлік штабтардың тиімділігін арттыруы керек. Бұл мәселеге халықты қамту 80%-дан аз Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының, Шымкент қаласының әкімдіктеріне ерекше назар аудару қажет, - деп толықтырды Төкежанов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы