Медициналық сақтандыру қорына жарна төлемегендер жауапкершілікке тартыла ма?

Медициналық сақтандыру қорының қызметі қандай? Қандай жұмыстар атқарылуда? Қанша елордалық ай сайын жүйеге ақша аударады? Жарна төлемегендер жауапкершілікке тартыла ма? Жүйеге қатысты осы және өзге де сұрақтарға ӘМСҚ елордалық филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Ербол Жасұланұлы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, денсаулық сақтау саласы сол бойынша жұмыс істеп жатқанын білеміз. Азаматтарымыз бекітілген мөлшерде жарна аударады. Бүгінде ел тұрғындарының қанша пайызы медициналық сақтандыруға қатысушы болып отыр? Айлық жарна сомасы қанша? Жарна төлемегендер қандай да бір жауапкершілікке тартыла ма? Олар медициналық көмек ала ала ма? Жарнаны қалай төлеуге болады?

- Елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірінші кезекте азаматтардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. Яғни денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жаңа тетігін құру және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдар аудару арқылы мемлекет, жұмыс берушілер және халық арасында қаржылық жүктемені әділ бөлу көзделді.

Бұл ретте МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан әрбір азаматқа қолжетімді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етумен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде зейнеткерлер, балалар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыздар, т.б. әлеуметтік топтағы азаматтарға жарна мемлекет тарапынан төленеді. Осындай 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар саны бүгінде елімізде - 11,7 млн.

Бастапқыда МӘМС жарналарының мөлшерлемелері:

жұмыс берушілер үшін – 5%-ға дейін,

 қызметкерлер үшін - 2%-ға дейін,

мемлекет үшін орташа жалақының 7%-на дейін,

жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін еселенген ең төменгі жалақыдан 7%-на дейін болуы тиіс еді.

Қазір 3% жұмыс берушінің қаражатынан және 2% қызметкерлердің жалақысынан төленеді. Сонымен қатар, жарналар бойынша шектеу қойылды – жұмыс берушілер үшін 21 мың теңгеден және қызметкерлер үшін 14 мың теңгеден аспайды (ең жоғары мөлшер 10 еселенген ең төменгі жалақыдан аспайды).

Жеке кәсіпкер табысына қарамастан 1,4 еселенген ең төменгі жалақының 5%-ын (4900 теңге) төлейді.

Дербес төлеушілер ең төменгі жалақының 5%-ын төлейді, яғни 3500 теңге.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлейді. Демек, медициналық сақтандыру қорына оның тек 40%-ы ғана түседі, яғни республикалық маңызы бар қалалар мен облыс тұрғындарынан МӘМС үшін 3450 теңге, ауыл тұрғындарынан 1725 теңге түседі.

Төлемді екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, "Қазпошта" АҚ, Kaspi.kz, HalykBank мобильді қосымшалары арқылы аударуға болады, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету Касса 24 және Qiwi әмиян терминалдары арқылы төлей алады.

Жарна төлемегені үшін тұрғындар жауапкершілікке тартылмайды, бірақ МӘМС жүйесінде мәртебесі сақтандырылмайды. Сақтандырылмаған азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде медициналық қызмет ала алады.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мынадай қызметтерді қамтиды:

жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиация;

алғашқы медициналық-санитарлық көмек, оның ішінде диагностика, емдеу, профилактикалық тексерулер, жұқпалы дерт ошақтарында санитарлық және эпидемияға қарсы және де санитарлық-профилактикалық шаралар жүргізу;

амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, оның ішінде вич жұқпасы мен туберкулездің алдын алу және диагностика, шұғыл жағдайда көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулардың диагностикасы және емдеу;

стационарды алмастыратын жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларды емдеу; үйдегі стационар қызметтері;

стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, оның ішінде өзге адамдарға қауіп төндіретін жұқпалы және паразитарлық ауруларды емдеу және жұқпалы немесе паразитарлық дертке шалдықты деген күдікпен жатқан науқастарды емдеу;

дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оның ішінде медициналық бұйымдар, жедел және мамандандырылған жәрдем беру кезінде қолданылатын иммунобиологиялық дәрілік заттар, амбулаториялық жағдайда қарсы профилактикалық екпелер жасалып, мамандандырылған медициналық жәрдем көрсетілетін аурулар тізіміне сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек.

- МӘМС жарнасын төлейтін азаматтарға қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі? Оның ішінде балаларға медициналық көмектің қандай түрлері тегін көрсетіледі?

МӘМС жүйесінде сақтандырылған адамдар медициналық көмектің барлық түрін ала алады. МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтер:

профилактикалық медициналық тексерулер;

учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және кеңес беруі;

созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы;

уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;

халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету;

диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ);

мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы, стационарлық медициналық көмек;

медициналық оңалту;

стационарда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

- МӘМС пакетінде балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

-МӘМС жүйесінде 18 жасқа дейінгі балалар автоматты түрде сақтандырылады, өйткені олар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Кішкентай қазақстандықтар қандай медициналық көмекке жүгіне алатынын туралы айта кетейік.

Стоматологиялық қызметтер

18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетіледі. Медициналық сақтандырудың стоматологиялық қызметтер пакетіне мыналар кіреді:

тісті жансыздандыру және жұлу;

 пломба салу;

абсцесстерді ашу;

пульпит, периодонтитті емдеу;

гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру;

еріндер мен тілдердің пластикасы;

рентген;

ортодонтиялық қызметтер (жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (қасқырдың аузы) болған кезде).

Стоматологиялық көмек алу үшін емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне аласыз. Бұл ретте, стоматологиялық қызмет көрсететін клиника Қордың әлеуетті жеткізушісі тізімінде болуы маңызды. Стоматологиялық қызметтерді жеткізушілердің тізімін Қордың fms.kz сайтынан «Медициналық қызметтерді сатып алу» – «КДҚ қызметтерін жеткізушілер» бөлімінен көруге болады.

Балалар қоспаларымен қамтамасыз ету

Бір жасқа дейінгі балалар үшін бейімделгіш құрғақ сүт қоспалар тіркелген жеріндегі емханаларда мынадай жағдайларда беріледі:

емшектегі нәрестені асырап алу;

 анасында АИТВ инфекциясының немесе туберкулездің белсенді түрінің, жіті психикалық аурулардың, туа біткен және пайда болған жүрек ақауларының, жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен ілесе жүретін аурулардың, эндокриндік және аллергиялық аурулардың ауыр түрлерінің болуы;

балада туа біткен лактаза жеткіліксіздігінің, галактоземияның, фенилкетонурияның, «үйеңкі шәрбаты» ауруының болуы;

ананың цитостатикалық, радиоактивті, тиреоидты, психотроптық және есірткі дәрілік препараттарды қабылдауы;

бірнеше баланың дүниеге келуі және емшек сүтінің жетіспеушілігі;

әйелдің күндізгі оқу нысанында оқуы;

әйелдің стационарда емделуде болуы.

Ананың жағдайына байланысты оған тек жасанды және аралас тамақтандыру тағайындалуы мүмкін.

Медициналық оңалту

Созылмалы аурулары бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медициналық оңалтудан өте алады. Бұл асқынулардың алдын алу үшін емханаларда динамикалық бақылау кезінде жасалады.

Үшінші кезеңдегі оңалтуды пациенттің сырқаына байланысты емхананың медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша емханаларда, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда, оңалту орталықтарында және үйдегі стационарларда жүргізеді.

Сондай-ақ оңалту кішкентай пациенттің денсаулығын қалпына келтіру үшін өткен аурудан немесе жасалған операциядан кейін тағайындалуы мүмкін.

Дәрігерлердің консультациялары және зерттеулер

Балалар МӘМС арқылы қажетті бейінді дәрігерлерден кеңес ала алады, анализдерді тапсыра алады, диагностикалық тексерулерден өте алады. Ол үшін тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің/педиатрдың қабылдауына жазылып, бар симптомдар, шағымдар туралы айту қажет. Учаскелік дәрігер көрсетілімдер болған жағдайда қажетті маманға жолдама береді. Сондай-ақ, ол диагнозды нақтылау үшін кейбір зерттеулерді өзі тағайындай алады.

Дәрігерді үйге шақыру

5 жасқа дейінгі балаларға денсаулық жағдайының кез келген нашарлауы кезінде учаскелік дәрігер үйде қызмет көрсетеді.

5 жастан асқан балаларға үйге шақырған кезде оның шақыру себебіне және баланың жағдайына байланысты алғашқы медициналық-санитариялық көмек бойынша дәрігер, орта медицина қызметкері көмек көрсетеді.

Жоспарлы егу

Инфекциялық ауруларға (туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе, B типті гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, қызылша, қызамық және паротит (свинка) қарсы жоспарлы профилактикалық екпелер – балаларға меншік нысанына қарамастан, тіркелген жеріндегі медициналық ұйымда тегін жүргізіледі (ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына сәйкес).

Еске сала кететін мәселе, Қазақстанда вакцинация жүргізу мерзімі жасына сәйкес Ұлттық егу күнтізбесімен белгіленген.

Профилактикалық тексерулер

Балаларды профилактикалық тексеру жыл сайын – туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін жүргізіледі. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды тексеру емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында жүргізіледі.

Профилактикалық қарап-тексерулердің жиілігі мен кезеңділігі Қазақстан Республикасы Министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДМС-264/2020 «Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» бұйрығымен белгіленген.

- МӘМС жүйесі енгізілгелі биыл төртінші жыл, не өзгерді? Алдағы уақытта жүйеде қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Өзіңіз айтқан төрт жылдың екі жарым жылы COVID-пен күреске кетті. Әлемге тараған коронавирус кезінде халық медициналық сақтандырудың артықшылығын да, айырмашылығын да сезінген жоқ. Өйткені сол бір қиын-қыстау кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі де, медициналық сақтандыру қоры да, жергілікті атқарушы органдар да, тіпті ел боп пандемиямен күресті.

Ал, қазір МӘМС жүйесінің игілігін көріп, тиімділігіне көз жеткізген адам көп деп айта аламыз. Өйткені қымбат медициналық технологияларға деген қолжетімділіктің артқанын көріп отырмыз. Қаржы екі жарым есе өсті. Соған сай жоғары технологиялық жүрек-қан тамырлары, нейрохирургиялық операцияларға, трансплантациялауға бұрынғымен салыстырғанда 4 есе көп қаржы аударылып жатыр. МӘМС есебіне жасалған операциялар саны да 5 есе артты. Интервенциялық кардиологияны айтатын болсақ, былтырдың өзінде стендтеу арқылы 25 мың адам өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ, бұрын буынды ауыстыру операциясы елімізде тұрғындарға қолжетімсіз еді. Халық бағасы қымбат отаны өз қалтасынан төлеп жасататын. Қазір миллиондаған сома тұратын қымбат операциялар МӘМС есебінен тегін жасалады. Операциядан кейін азаматтар оңалтудан өтеді. Сақтандырылған азаматтар төлеген жарна көлеміне қарамай, медициналық көрсеткіштері болса, барлық қызметті МӘМС аясында ақысыз ала алады.

Тағы бір мысал, экстракорпоральды ұрықтандыруды (ЭКҰ) алайық. Медициналық сақтандыру қоры енгізілмес бұрын, ел бойынша жылына 1 мың квота бөлінетін. Қазір ол 7 есе артып, 7 мыңға жетіп отыр. Екі жылда 14 мың квота беріліп, нәтижесінде 3 200 бала дүниеге келді. Өздеріңіз білесіздер, баласыз үйде береке де болмайды. Сондықтан бұл да бір жетістік деп есептейміз.

Квоталар аймақта тұратын репродуктивті жастағы әйелдердің санына қарай бөлінеді. Астана қаласы бойынша 2021 жылға 487 квота, 2022 жылы 518 квота бөлінді, ал 2023 жылы бұл сандар 554-ке дейін өсті.

2019 жылы МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін 190 мыңдай КТ, МРТ қызметтері көрсетілді. Ал былтырғы жылдың нәтижесі бойынша МӘМС пакеті арқылы қазақстандықтар 1 млн 300 мың КТ мен МРТ өткен.

Биыл МӘМС есебінен стоматологиялық қызмет көрсету бойынша өзгеріс болды. Нақтылай кетейік, стоматологиялық көмек көрсету процесінде еш өзгеріс жоқ, пациенттер бұрынғыдай медициналық көмек алады. Тек келісімшартқа отыру әдісі яғни шарт жасасу жағы өзгерді. Бұған дейін стоматологиялық клиникалар өзара шартқа отыру арқылы қосалқы мердігер ретінде медициналық қызмет көрсетсе, 1 қаңтардан бастап Қор көрсетілген қызметтер көлемін бақылап, сапасына мониторинг жасау үшін тікелей осы клиникалармен шартқа отырды. Демек, стоматологиялық клиникалар өздерінің қанша қызмет көрсеткенін және Қормен келісімшарт бойынша қанша қызмет көрсететінін өз бетінше қадағалап отыру керек. Бұрын бұнымен артылған жүктемеге қарамастан пациенттің тіркелген емханасы айналысып келді. Салдарынан пациент алмаған медициналық қызметті алды деп жазатын жағдайлар кездесті. Қор сарапшылары бұны мониторинг жасаған кезде медициналық құжаттардан анықтады.

Сондай-ақ жарна төлеуде өзгеріс енгізіліп, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылған. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.

Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.

2023 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша елорда халқының 86,7%-ы, яғни 1 143 567 елорда азаматы сақтандырылған. Әлі 13,3%, яғни 250 мыңнан аса астаналық қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз.

- Қор стоматологиялық клиникалармен тікелей шарт жасасады дедіңіз. Тісті кімдер тегін емдете алады?

- МӘМС жүйесіндегі немесе ТМККК шеңберіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына емес, халықтың жекелеген әлеуметтік осал санаттарына ғана қолжетімді. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер ғана ала алады. Қатты ауырсыну кезінде азаматтардың 10 санаты, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және оларға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, оның ішінде мүгедектігі бар немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар балалар, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулары бар пациенттер, көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және басқалар шұғыл көмек ала алады.

Негізі көрсетілетін медициналық қызметтер тізбесі ауқымды. Кәсіби тілмен айтқанда, стоматологиялық клиникалар амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Мұнда пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтерін алуға болады.

Сондай-ақ МӘМС жүйесінде жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады.

Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамаларына және Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетілетін болады (ҚР ДСМ 2016 жылғы 12 желтоқсандағы No 1053 бұйрығы).

«Стоматологиялық клиниканы өзі таңдауға бола ма?» - деп сұрап жатады. Иә, болады. Тек алдымен, ол клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі ме, соны тізімнен анықтап алған жөн. Жеткізушілердің тізімін fms.kz ресми сайтынан көруге болады немесе клиниканың өзінен сұрау керек.

- Медициналық сақтандыру қоры пациенттердің құқығын қорғап, заң бұзған емханаларға шара қолдана ма?

Иә. Медициналық мекемелер бойынша пациенттер шағымданған кезде, я болмаса бір адам бір көмекті күніне 5-6 рет алды деп көрсеткен, т.б. жалған жазбаларды жүйеден көре аламыз. Мәселен, бір пациент томографияны бір күнде 3 рет өтті деп көрсетеді. Ақшаны дұрыс пайдаланбай, оны мақсатты бағытқа жұмсамаған кезде адамдар қажетті медициналық көмекті ұзақ күтеді. Пациент қабылдауға келгенде «Кешіріңіз, бюджет таусылып қалды», деп сылтау айтатыны да осыдан. Кейінгі екі жылда осындай жағдайлардың қайталанғанын ескере отырып, құзыретті органдарға қылмыстық іс қозғау үшін ақпарат жолдадық. Сол себепті азаматтар барып алмаған медициналық қызметі көрсетілді деген жазбаны анықтаған бойда Қорға жүгіну керек. Көптеген азамат «жалған қабылдаулар» туралы әлеуметтік желіге жазады. Бірақ ондағы хабарламалар мен пікірлер ресми тексеруге негіз бола алмайды. Жалған қабылдау дерегі расталған жағдайда Қор медициналық ұйымға үш есе мөлшерде айыппұл салады. Бұл қаражат қордың шотына қайтарылады да, ақша қайтадан сақтандырылған азаматтарға, шын мәнінде көрсетілген медициналық қызметтерді төлеуге жұмсалады.

Биыл Астана қаласы бойынша қор 169 медициналық қызмет көрсетушімен, оның ішінде 39 – мемлекеттік (23,08%), 130 – жеке (76,92%) медициналық ұйымдармен шарт жасасты.

Олардың ішінде:

стационарлық медициналық көмек - 35 ұйым;

амбулаториялық-емханалық көмек-44;

әлеуметтік маңызы бар медициналық көмек (Онкология, ЖИТС, ЦПЗ, Туб.диспансер) - 4;

стоматологиялық көмек – 59;

жедел медициналық көмек – 1.

- МӘМС аясында берілетін дәрі дәрмек туралы ақпарат айта кетсеңіз...

- Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 380 атауымен 55 нозология (сырқат түрі/жай-күйлер) бойынша, МӘМС жүйесінде ересектер: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 64 атауымен 23 нозология (сырқат түрі/жай-күйлер) бойынша және балалар: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 174 атауымен 47 нозология (сырқат түрі/жай-күйлер) бойынша қамтамасыз етіледі.

Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне (медбикеге) баруы керек. Учаскелік дәрігер/медбике науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Сол рецепт бойынша жеке басын куәландыратын құжатпен емхананың дәріханасынан дәрі алады.

Естеріңізге сала кетейік, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.

- Тұрғындар медициналық қызметке қатысты арыз-шағымдарын сіздерге жолдай ала ма?

- Тұрғындар медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтарын медициналық ұйымда шешу үшін әр медицина ұйымында қазіргі уақытта Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Пациент өз емханасында осы аталған қызметке тікелей баруына болады. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда өздеріне ыңғайлы байланыс арнасы арқылы – fms.kz ресми сайты, 1414 бірыңғай байланыс орталығы, Telegram-дағы SaqtandyryBot және Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы