Медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін ЭКО процедурасы артты
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты.
Әбілдаевтың айтуынша, Медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының бюджеті едәуір артқан. 2022 жылы салаға 242,1 млрд теңге қарастырылған, бұл былтырғы бюджеттен 17,3 процент артық екен. Оның 135,1 млрд теңгесі – тегін медициналық көмек пакетіне, 107,0 млрд теңгесі – МӘМС пакетіне тиесілі.
Нақтырақ айтсақ, жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операцияларды қаржыландыру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 млрд теңгеге артып отыр. Яғни, 2021 жылы аталған операцияларға 16,2 млрд теңге жұмсалған болса, биыл 21,6 млрд теңге жұмсау көзделген. Халыққа қолжетімді болған қызметтің бірі – экстракорпоральды ұрықтандыру немесе ЭКО процедурасы. 2022 жылы ЭКО бағдарламаларына 3,2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аталған сомаға барлығы 3142 жасанды ұрықтандыру процедурасы жасалуы тиіс. Өткен 4 айда 476 ЭКО жасалып, оған 484 млн теңге төленді. Биыл оңтүстік астана бойынша аталған бағдарламаға 8 клиника қатысып жатыр,-деді филиал директоры.
2021 жылдың 4 айында қор Алматы тұрғындарына МӘМС пакеті арқылы көрсетілген қызметтерге 54,9 млрд теңгеге жуық қаржы төлеген. Төленген соманың басым бөлігі стационарлық медициналық көмекке жұмсалыпты. Тағы 11,4 млрд теңге консультативтік-диагностикалық қызметтерге төленген.
Консультативтік-диагностикалық қызмет ішінде әсіресе, компьютерлік томография мен магниттік-резонанстық томографияға деген сұраныс жоғары күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, өткен 4 айда Алматы қаласында 38 215 КТ жасалып, оған 570,9 млн теңге бөлінді. Халыққа көрсетілген 28 156 МРТ қызметі үшін 407,3 млн теңге төленді. Сонымен қатар, қала бойынша онкологиялық ісікті анықтау мақсатында 2092 ПЭТ-диагностика қызметі көрсетіліп, оған 561,8 млн теңге төленді,-деді Әбілдаев.
Сонымен қатар ол қор жоғары технологиялық қызмет түрлеріне 8,4 млрд теңге, күндізгі стационар қызметіне – 2,3 млрд теңге бөлгенін жеткізді.