4 Қазан 2026, 17:19 Фото: gov.kz

Медициналық сақтандыру бойынша қазақстандықтарға 500 млн теңгеден астам өтемақы төленді

Сақтандырумен 178 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылған.

Соңғы екі жылда Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша пациенттер мен олардың отбасыларына 502,6 млн теңге төленді. 2026 жылғы қыркүйекке қарай мұндай сақтандырумен 178 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылған.

Медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру Қазақстанда 2024 жылғы қазанда іске қосылды. Заң Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 178 296 медицина қызметкері сақтандырылған. Олардың басым бөлігі – 155 856 адам мемлекеттік медициналық ұйымдарда, тағы 22 440 маман жекеменшік ұйымдарда жұмыс істейді. Тек биылдың басынан бері медициналық ұйымдар 1 867 сақтандыру шартын жасасқан, ал пациенттерге 112 төлем жүргізілген, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Егер медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өмірі немесе денсаулығына зиян келтірілгені расталса, сақтандыру төлемін алуға болады. Ол үшін пациенттің өзі немесе оның заңды өкілі медициналық ұйымға жүгінуі керек.