Медициналық қызметке мониторинг аясында 1,4 млрд теңгеге жуық қаржы қайтарылған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров хабарлады.
Елорда бойынша 2021 жылдың 12 айында көрсетілген медициналық қызмет сапасы мен көлеміне жүргізілген түрлі мониторингтер аясында 1,4 млрд теңгеге жуық қаражат қайтарылды. Соның аясында 93 237 кемшіліктер анықталып, 1 млрд 342 млн 660 мың теңге алынды. Қор халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторингті жалғастыруда, - деп атап өтті филиал басшысы.
Оның ішінде, тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі шеңберінде 975 млн 147 мың теңге сомасына 6 448 кемшілік, МӘМС жүйесінде 367 млн 512 мың теңге сомасына 86 789 кемшілік анықталған.
Енді ақау-кемшіліктер анықталған жағдайда, жеткізуші қорытындыға қол қойылған күннен бастап 45 күнтізбелік күн ішінде орындалмаған міндеттемелер мен анықталған ақау-кемшіліктерді түзетуі тиіс. Көрсетілген мерзімде ақау-кемшіліктер жойылмаған жағдайда қаржылай өндіру шараларын қолдануға тура келеді. Проактивті мониторинг аясында 65 медицина ұйымына тексеру жүргізілді. 1-кезеңде 731 млн 421 мың теңге сомасына 11 007 кемшілік анықталды. Оның 6 817-сі 45 күн ішінде жөнделді. 2-кезең қорытындысы бойынша анықталған 4 471 кемшілік салдарынан 203 млн 729 мың теңге сомасы алынды, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.