Медициналық орталықтарда жас босанған аналарға жағдай жасалмаған – депутат

Бұл туралы сенатор Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында тиісті инфрақұрылым жасалмағанын, үй-жайларды жылыту, желдету және медициналық газбен жабдықтау жүйесінде проблема бар екенін атап өтті. Сенатор Ақмарал Әлназарова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында дәрігерлердің қандай жағдайда жұмыс істейтіні мен босанатын жас ана тап болатын жағдайлар және әдеттегі асқынулар туралы айтты.

Орталықтағы негізгі құрал жабдықтың тозуы – 71%-ды құрап отыр. Мысалы сәулелі жылуы бар 18 үстелдің тек 5-і жұмыс істейді, 18 кювездің тек 8-і жұмыс істеуге жарамды. 2008 жылы сатып алынған лапароскопиялық тіректер физикалық және моральды тозған. Ультрадыбыстық аппарат пен дефибрилляторлар жеткіліксіз, функционалдық керуеттер уақыт талабына сай емес. Бұл орталықтың ұйымдық-құқықтық нысанын 2018 жылы акционерлік қоғамға өзгертудің нәтижесі болып табылады. Осыған байланысты орталық мемлекеттік көздерден қаржыландыру, қажетті медициналық құрал-жабдықтар алу мен оларды жаңарту, қызметкерлерін мемлекет қаражат есебінен оқыту мүмкіндігінен айырылды, - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Айтуынша, осындай жағдай Қазақ ұлттық медицина университетіне қарасты медициналық ұйымдарда, Педиатрия және балалар хирургиясы институтына, А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында, Кардиология және ішкі аурулар, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институттарында да қалыптасқан. Бұл медициналық ұйымдардағы жабдықтар 30%-дан 85%-ға дейін тозған.

Мәселенің кезек күттірмейтінін ескере отырып, Үкімет резервінен Орталықтың шұғыл қажеттіліктеріне қосымша қаражат бөлуді сұраймын. Сондай-ақ Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне, жоғарыда аталған ғылыми орталықтар мен институттардың инфрақұрылымдарын жаңарту және оларды өз деңгейінде қаржыландыру мәселелерін шешуге бағытталған кешенді іс шаралар жоспарын бірігіп қабылдауды тапсыруыңызды сұраймын, - дейді сенатор. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы