Көпшілікке мәлім медициналық анықтамалардың қағаз нұсқасы жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылы электрондық үлгіге толықтай көшірілетін қызметтерді жариялады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру кеңсесі жұмысының маңызды бағыттарының бірі – денсаулық сақтау және оны трансформациялау саласында ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді электронды үлгіге көшіру, - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік 2020 жылы мынадай қызметтерді электрондық үлгіге толықтай көшіру туралы мақсат қойған:

- Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымнан анықтама беру;

- Стационарлық науқастың медициналық картасынан көшірме беру;

- Науқастарға стационарға емдеуге жатқызуға жолдама беру;

- Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысуы туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру;

- Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, сапасы және тиімділігі туралы қорытынды беру.

Жоғарыда көрсетілген қызметтердің барлығы таяуда www.egov.kz электрондық үкімет сайтына енгізілетін болады.

Сондай-ақ, министрлік 5 медициналық анықтаманы жойды.

2020 жылы ДСМ алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту туралы анықтама, көлік құралын жүргізуге рұқсат беру туралы анықтама, психоневрологиялық ұйымнан анықтама, наркологиялық ұйымнан анықтама, туберкулезге қарсы ұйымнан анықтаманың қағаз түріндегі нұсқасын жойды.

Ешқандай анықтама болмайды! Кез келген азамат мемлекеттік қызмет алу үшін медициналық анықтамалар автоматты түрде (азаматтың рұқсатымен) рәсімделеді, - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 2019 жылдан бастап "Мекенжай анықтамасын" беру тоқтатылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы