Медицинадағы жасанды интеллект: 9 мың дәрігер цифрлық ассистенттерді қолдануда
Жасанды интеллект Қазақстанда диагностика мен дәрігерлердің жұмысын қалай өзгертіп жатыр
Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Олар ауруларды диагностикалауда және дәрігерлердің жұмысын оңтайландыруда кеңінен қолданылып келеді. Бүгінде ЖИ шешімдері жүздеген медициналық ұйымдарда пайдаланылып, диагностика үдерісін жеделдетуге және медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берілген жауапта айтылды.
ЖИ қай салаларда қолданылады?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта еліміздің медициналық ұйымдарында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда. Технологиялар флюорография, маммография, рентгенография, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография нәтижелерін өңдеуде қолданылады. ЖИ инсультті, өкпе қатерлі ісігін, сүт безі обырын және пневмонияны анықтауға көмектеседі.
Премьер-министрдің өкімімен жасанды интеллектіге негізделген басым жобалардың тізбесі бекітілген. Олардың қатарында Cerebra, WDSoft, AIDentis, Med365 және ЖИ-агенттер бар. Сонымен қатар ведомство халықаралық және отандық тәжірибелерді тұрақты түрде мониторингтеп, ЖИ шешімдерін енгізу бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда.
Дәрігерлерге көмек
ЖИ алгоритмдері негізінен медициналық бейнелерді талдауда, зерттеу нәтижелерін қайта интерпретациялауда, сондай-ақ зертханалық және аспаптық деректерді өңдеуде қолданылады. Бұл әсіресе инсульт, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауда тиімді.
Негізгі шешімдердің бірі – ALIMA дәрігердің AI-ассистенті. Қазіргі таңда оны 700-ден астам медициналық ұйымдағы 9 мың дәрігер қолдануда. Бұл жүйе қателіктер санын азайтып, дәрігердің жұмыс уақытын 20%-ға дейін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Диагностикадағы жетістіктер
Инсультті диагностикалауға арналған Cerebra жүйесі 10 инсульт орталығында енгізіліп, 7,6 мың пациентті қамтыды. Болашақта бұл жоба тағы 32 орталыққа кеңейтіледі. ЖИ қолдану диагностика уақытын үш есеге қысқартып, реабилитация шығындарын 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Онкология саласында өкпе және сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған WDSoft шешімі енгізілуде. Қазіргі таңда ол 12 өңірдегі 190 медициналық ұйымды қамтып отыр. Сонымен қатар, 8 миллионнан астам медициналық бейне орталықтандырылған. Бұл сүт безі қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтау көрсеткішін 35%-ға арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Стоматология саласында Aidentis жүйесі рентген суреттерін талдау үшін қолданылады. Ол 65-тен астам клиникада енгізілген және диагностика уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартады.
Қай өңірлерде енгізілген
Министрлік мәліметінше, жобалар еліміздің бірқатар өңірінде енгізіліп, кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатыр. Атап айтқанда, Cerebra жүйесі 49 инсульт орталығында апробациядан өтіп, Астана, Тараз қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Ақмола және Алматы облыстарында енгізілген. WDSoft пен Aidentis шешімдері де кеңейту кезеңінен өтуде.
Ведомство барлық үдерістердің киберқауіпсіздік және денсаулық сақтау саласындағы заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Негізгі және резервтік деректерді өңдеу орталықтары құрылып, инциденттерді мониторингтеу, деректерді резервтік көшіру және қауіпсіздік аудиті тұрақты түрде жүргізілуде.
Министрлік пациенттердің жеке деректерін қорғауды Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес қамтамасыз етеді, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Болашақ бағыттар
Алдағы уақытта жасанды интеллектіні қолдану ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Перспективалы бағыттардың қатарында телемедицинаны дамыту, ауруларды ерте анықтау жүйелері, пациент ағынын интеллектуалды басқару және дербестендірілген цифрлық сервистер бар.
Министрліктің мәліметінше, ЖИ енгізу медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, диагностика сапасын жақсартып, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейтеді. Бұл бағыттағы жұмыс медициналық және IT-қоғамдастықпен бірлесіп жалғасады.