25 Қараша 2026, 10:55 Фото: gov.kz

Медицинадағы 10 маңызды өзгеріс: ауыл ауруханалары жаңарып, дәрі-дәрмек арзандады

Денсаулық сақтау жүйесі цифрландырылып, онкологиялық орталықтардың жабдықтары жаңартылып жатыр. Салада тағы қандай өзгерістер бар?

Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Бұл – ел тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар еліміз инфекциялық емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын өлім-жітімді азайту бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, Орталық Азияда бірінші орынға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан ДДСҰ-ның Еуропалық өңіріндегі мерзімінен бұрын болатын өлім-жітімді 2025 жылға қарай 25 пайызға төмендету мақсатына қол жеткізген 10 елдің қатарына енген.

Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің 82 түрі қолжетімді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2018 жылы мұндай қызметтердің саны 78 болған. Бұл бағыттағы жұмыстар озық медициналық технологияларды енгізуге мүмкіндік берген.

Ана мен бала денсаулығын қорғау саласында да өзгерістер бар. Халықаралық талаптар мен жүргізілген кешенді талдау нәтижесінде перзентханалар жүйесі қайта құрылып, бала туу жасындағы әйелдердің денсаулығына қатысты қауіп факторларын ерте анықтауға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды.

Медицина кадрларын даярлау ісі 8 медициналық жоғары оқу орны, көпсалалы университеттер құрамындағы 7 факультет және 14 ғылыми-зерттеу орталығы арқылы жүзеге асырылады.

66 дәрілік препараттың бағасы арзандады

Ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жақын жерден алу мүмкіндігін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылды. 2023–2025 жылдары алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 655 нысан салынған. Нәтижесінде 200-ден астам ауылдық елді мекен алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болды. Шамамен 1 миллион ауыл тұрғыны тұрғылықты жеріне жақын медициналық көмек алу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың соңына дейін 32 жаңғыртылған көпбейінді орталық аудандық аурухананы пайдалануға беру жоспарланған. Оларда инсульт орталықтары, кардиология, реанимация және оңалту бөлімшелері ашылады. Сондай-ақ компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу және өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықтау көзделген.

Дәрі-дәрмек бағасын төмендету бағытында отандық өндірістің 66 препараты бойынша баға арзандатылған. Олардың қатарында «Нобел АФФ» компаниясының 32, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» компаниясының 13, «Химфарм» және «Kelun-Kazpharm» компанияларының 6-дан, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің 5 дәрілік препараты бар. Нәтижесінде 10,3 миллиард теңге үнемделген.

2026 жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алудың жалпы жоспары 584,1 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Бұл 2025 жылғы 532,82 миллиард теңгемен салыстырғанда 9,6 пайызға артық. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу тәртібі мен дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру тетігі қайта қаралған.

Медицина цифрлық форматқа көшіп жатыр

Денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық өзгерістер де жалғасып жатыр. Бұған дейін бөлек жұмыс істеген 23 мемлекеттік ақпараттық жүйенің орнына e-Densaulyq бірыңғай экожүйесінің 7 компонентін қалыптастыру қолға алынған. Оның 5 компоненті іске қосылды. Ал бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе мен порталдың жұмысын 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл медициналық деректердің бірыңғай қоймасы іске қосылды. Оған 12 жеке медициналық ақпараттық жүйе қосылған. Сонымен қатар қойманың барлық компоненті мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен біріктірілген. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап медициналық көмектің ақысын төлеу осы бірыңғай деректер қоймасы негізінде жүзеге асырыла бастады.

Онкологиялық орталықтар жаңа жабдықпен қамтылады

Министрлік онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге де басымдық беріп отыр. Қазақстанда қатерлі ісік диагнозы қойылған 250 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр. Тек 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 22 мыңнан астам жаңа жағдай анықталған.

Кешенді жоспар аясында өңірлік онкологиялық ұйымдарды медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жалғасып жатыр. 2025 жылы 18 өңірге медициналық техника жеткізілсе, 2026 жылы бұл жұмыс 19 өңірді қамтиды. Атап айтқанда, маммографиялық кешендер, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар, эндоскопиялық және морфологиялық жабдықтар, сондай-ақ сызықтық үдеткіштер жаңартылып жатыр.

Министрлік мәліметінше, бұл шаралар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, ауруларды ерте анықтауға және өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.