26 Қараша 2026, 17:15 Фото: istockphoto.com

Медицинада үлкен өзгеріс: Халықты қандай жаңалықтар күтіп тұр

Қазақстанда 70-ке жуық медициналық нысан салынып, 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысын көтеру жоспарланып отыр.

Қазақстанда алдағы жылдары денсаулық сақтау саласында ауқымды өзгерістер жоспарланып отыр. Еліміздің өңірлерінде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салынып, балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтардың желісі кеңейеді. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек жүйесін жаңғырту, дәрігерлердің жалақысын көтеру және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру көзделген. Президент Жолдауында айтылған бұл бастамалар медицина саласын қаншалықты өзгертеді? Қандай нысандар бой көтереді және медициналық көмектің сапасы қалай жақсаруы мүмкін? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің шолуында.

70-ке жуық нысан: Медицина инфрақұрылымы жаңарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, әсіресе медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Президент алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жаңғыртып, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтуді және бұл бағытқа бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен арттыруды тапсырды.

Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында еліміздің барлық өңірінде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылғы 29 қазанда өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрліктің жоспарына сәйкес, жаңа нысандардың басым бөлігі ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған.

Атап айтқанда, жалпы сыйымдылығы 1 700 төсек болатын сегіз заманауи перинаталдық орталық салынады. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда және Орал қалаларында бой көтереді. Астанада екі орталық ашу көзделген.

Бұдан бөлек, 1 550 төсекке арналған жеті көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы жоспарланған. Олар Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында салынады.

Жаңа медициналық кешендер балаларға мамандандырылған және жоғары технологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни күрделі диагнозы бар науқастарды емдеу үшін басқа өңірлерге бару қажеттілігін азайту көзделіп отыр.

Ана мен бала денсаулығына басымдық беріледі

Медициналық инфрақұрылымды жаңғыртудағы негізгі бағыттардың бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде шамамен 7 миллион бала тұрады. Бұл балалар медицинасына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Сондықтан алдағы жылдары балаларға көрсетілетін медициналық көмекті кеңейту жоспарланып отыр.

Мәселен, Астанада 200 төсекке арналған балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы салынады. Сонымен қатар 350 төсекке арналған балалар хирургиясы орталығын құру көзделген.

Одан бөлек, Алматы, Ақтау, Атырау, Қызылорда және Семей қалаларында Ұлттық балаларды оңалту орталығының бес өңіраралық филиалы ашылады. Олардың жалпы сыйымдылығы – 750 төсек.

Бұл орталықтар балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, күрделі аурулар мен жарақаттардан кейінгі оңалту шараларын жүргізуге бағытталады.

Жоспарға Шығыс Қазақстан, Абай және Түркістан облыстарында әрқайсысы 300 төсекке арналған көпбейінді ауруханалар салу да енгізілген. Ал Жамбыл облысында 325 төсек-орындық инфекциялық аурухана мен мамандандырылған корпустар бой көтереді.

Осылайша, жаңа жобалар балалар медицинасы, босандыру қызметі, оңалту және өңірлік ауруханалардың әлеуетін қатар дамытуға бағытталған.

Ауылдағы медициналық көмек қалай өзгереді?

Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі – қала мен ауыл арасындағы медициналық қызметтің қолжетімділік айырмашылығы.

Ауыл тұрғындары кей жағдайда бейінді маманның қабылдауына жазылу немесе қажетті тексеруден өту үшін аудан орталығына, тіпті облысқа баруға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін алғашқы медициналық көмекті дамытуға басымдық беріліп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде 655 медициналық нысан салынған. Соның нәтижесінде 200-ден астам ауыл алғаш рет заманауи диагностикалық және телемедициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген медициналық ұйымдарға ие болды.

Сонымен қатар емханалардағы қызмет көрсету жүйесі де жетілдірілуде. Атап айтқанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында командалық модель енгізіліп, шұғыл көмек кабинеттері ашылып, аурулардың алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр.

Соңғы бір жылда алғашқы медициналық көмек ұйымдарының базасында балалардың дамуын бақылауға және ауытқуларды ерте анықтауға арналған 440-тан астам даму және ерте араласу орталығы ашылған.

Бұл бастамалардың маңызы зор. Себебі ауруды ерте анықтау және уақытылы емдеу оның асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

77 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысы өсуі мүмкін

Денсаулық сақтау саласын дамыту тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Медициналық қызметтің сапасы ең алдымен мамандардың біліктілігіне және олардың еңбек жағдайына байланысты.

Осыған орай медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесі де күн тәртібіне шығарылды.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы учаскелік қызмет мамандарына сараланған қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр.

Үкіметтің ресми ақпаратына сәйкес, қосымша төлем мамандардың үздіксіз еңбек өтілі мен психоэмоционалдық жүктемесіне қарай белгіленеді. Нәтижесінде учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін өсуі мүмкін.

Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

Мұндағы маңызды жайт – жалақының 40 пайызға дейін өсуі денсаулық сақтау саласындағы барлық дәрігерге бірдей қатысты емес. Бұл – алғашқы медициналық көмек жүйесіндегі учаскелік қызмет мамандарына арналған сараланған қосымша ақы.

Мұндай шешім алғашқы буындағы медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандырып, кадрларды салада ұстап қалуға бағытталған.

Дәрігер тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?

Медициналық инфрақұрылым кеңейген сайын білікті мамандарға деген сұраныс та артады. Сондықтан кадр тапшылығы – саланың назар аударуды қажет ететін негізгі мәселелерінің бірі.

Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәліметі бойынша, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 276 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 86,5 мыңға жуық дәрігер және 189,5 мың орта буын медицина қызметкері бар.

Сонымен бірге дәрігерлер бойынша 23 161 штаттық бірлік, орта буын медицина қызметкерлері бойынша 22 649 штаттық бірлік тапшылығы тіркелген.

Бұл көрсеткіштер жаңа ауруханалар мен медициналық орталықтарды салумен қатар, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету де маңызды екенін көрсетеді.

Осы бағытта жас мамандарды өңірлерге тарту, ауылдық жерлерде еңбек ететін дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және медицина қызметкерлерін даярлау жұмыстары жалғасып жатыр.

Мәселен, 2025 жылы әлеуметтік қолдаудың түрлі шараларымен 1 760 дәрігер қамтылған. Олардың мыңнан астамы ауылдық жерлерде еңбек етеді.

Демек, медициналық кадрларды ұстап қалу үшін тек жалақыны көтеру жеткіліксіз. Мамандарға қолайлы еңбек жағдайын жасау, кәсіби дамуына мүмкіндік беру және әлеуметтік қолдауды күшейту де маңызды.

Жаңа ауруханалар медицина сапасын арттыра ала ма?

Жалпы алғанда, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде алдағы жылдары бірнеше бағыт бойынша өзгеріс күтіледі. Жаңа ауруханалар мен перинаталдық орталықтар салынып, балаларды емдеу және оңалту мүмкіндіктері кеңейеді. Ауылдық жерлерде алғашқы медициналық көмек қолжетімді бола түседі. Ал учаскелік қызмет мамандарына қосымша ақы төлеу кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Үкіметтің жоспары бойынша, нәтижесінде медициналық инфрақұрылымның шамамен 1,8 миллион шаршы метр аумағын құру және жаңарту көзделген. Стационарлардағы төсек-орын санын 9,2 мыңға арттыру және жаңғырту, ал амбулаториялық көмектің қуатын бір ауысымда 5,3 мыңнан астам қабылдауға ұлғайту жоспарланып отыр.

Әрине, бұл бастамалардың нақты нәтижесі олардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асуына байланысты.

Өйткені медицинадағы өзгерісті тек салынған ғимараттар мен сатып алынған жабдықтар арқылы бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – науқастың дәрігерге уақытылы қаралуы, қажетті тексеруден өтуі, сапалы ем алуы және медициналық қызметтің тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуы.

Демек, алдағы жылдардағы басты міндет – медициналық нысандар санын көбейту ғана емес, сол мүмкіндіктерді халықтың денсаулығын жақсартуға бағыттау.