Медицина қызметкерлеріне қандай кәсіптік жауапкершілік жүктеледі
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Медицина, педагогика, әлеуметтік қызметкерлер – мемлекетіміздің негізін құрайтын, еліміздің әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалардың қызметкерлері. Қоғамда бұл мамандар әрқашан абырой мен құрметке ие болған.
Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіпке ұшырайтын мамандықтарға жатады. Онымен қоса бұл күрделі де, жауапты мамандық. Дүниежүзіндегі озық тәжірибелерді қарай отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін, міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу қаралып отыр. Мұндай тәсіл көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Ажар Ғиният.
Сөзінше, бұл халықаралық аренадағы еліміздің денсаулық сақтау рейтингіне де әсер етеді.
Бұл норма «Халық денсаулығы, денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне және/немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде қаралып, бекітілген норма бар. Қазір заң жобасы осы баптың жүзеге асырылу жолдарын көрсетеді, - дейді Денсаулық сақтау министрі.
Министр атап өткендей, Англияда медициналық қателік жіберген медицина қызметкерінің тиісті жұмысын қамтамасыз етпеген жағдайда медициналық мекеменің әкімшілігі азаматтық жауапкершілкке тартылады. Ал Израильде медициналық қызметін жүзеге асырған мекеме тек азаматтық құқықтық жауапқа тартылады, оларда қылмыстық жауапкершілік жоқ.
Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, медициналық қызмет көрсету кезінде адамның өмірі мен денсаулығын қылмыстық құқық қорғау саласындағы шет елдердің заңнамасы медицина қызметкерінің пиғылы мен медициналық қатені ажыратуға негізделген.