Медицина мамандарының құқығын қорғау туралы заң жобасы әзірленді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
Оның айтуынша, министрлік медицина мамандарының құқығын қорғау туралы заң жобасын әзірледі.
Дәрігердің мәртебесі, жалпы медицина қызметкерлерін әлеуметтік, материалдық қолдау мәселелерін көтереді. Медицина қызметкерлерін әлеуеттік сақтандыру мәселесі де қозғалған. Мамандар қорғауда болуын, медициналық инциденттер үшін дәрігерлер қылмыстық жауапкершілік арқаламауын қарастырған. Ол үшін әрбір медицина маманы, тек дәрігер ғана емес орта медициналық қызметші де өзінің кәсіби қызметін сақтандыру компаниялары арқылы сақтандыратын болады, - деді Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауабында Ажар Ғиният.
Заң бойынша ем алушы мен медицина мамандарының арасында қандай да бір мәселе туындаса ол әуелі медиация аясында қаралуы қажет.
Медициналық инцидент туындаған жағдайда ауруханалардың жанынан емделушілерді қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, емделушінің шағымы немесе өтініші медиация арқылы қаралады. Медиация аясында келісім болмаған жағдайда бұл істер сақтандыру компанияларына түседі. Сол компаниялар денсаулыққа келтірілген залалды өтеп береді, - деді ведомство басшысы.