2020 жылдың 1 сәуіріне дейін қазақстандықтардың барлығы медсақтандырудан өтеді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Қазақстан халқының барлығы сақтандырылады. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында айтты.
Министрдің сөзінше, сақтандырылмаған азаматтар үшін тегін медициналық қызметті алу үшін өздігінен төлеу пакеті қарастырылған, онда айына 2,5 мың теңге төлеп сақтандырыла алады.EXPERT Kazakhstan журналы бүгін «Қазақстандағы медициналық қызмет көрсету нарығы: сақтандыру медицинасына өту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған ҚР денсаулық сақтау министрі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы, қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы және тағы басқа ұйым өкілдері қатысты. Жиын барысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне өту мәселесі талқыланды.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ел халқының 95%-ы міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтамасыз етіледі деп болжанып отыр.
«Оның 59%-ы мемлекетпен қамтылады, олар жеңілдетілген санатқа жататындар. Айта кетерлігі, медициналық сақтандыру үшін үнемі төлем жүріп отыру керек. Кейбір азаматтар үшін жарна тұрақты түрде түспейді, сондықтан осы бағытта Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге жұмыстарды әлі де жүргізе береміз. Өйткені медициналық сақтандыру барлығына міндетті әрі тұрақты түрде жүргізіліп тұру керек. Кем дегенде аладғы үш айдың біріне төлем жүргізілу керек, сол кезде ол медициналық көмекті ала алады», - дейді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, ол қазір 700 мыңдай сақтандырылмаған адам бар екенін және тағы сондайы емханаларға тіркелмегенін айтты.
«Олар тұрғылықты жерінде тұрмайтындар немесе шетелге кеткендер, кейбірі емханаға барудан бас тартқандар. Сондықтан медициналық сақтандырылмаған адамдар тобы болатыны белгілі және бұл қалыпты жағдай. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Қазақстан халқының барлығы сақтандырылады. Ал сақтандырылмаған азаматтар үшін тегін медициналық қызметті алу үшін өздігінен төлеу пакеті қарастырылған, онда айына 2,5 мың теңге төлеп сақтандырыла алады», - деді ол.
Министр сөз арасында қазір бүкіл нормативтік-құқықтық стандарттар, заңдар, бұйрықтар бәрі қабылданғанын және Ұлттық медициналық сақтандыру қоры екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
«Бұл қор екі жылдың ішінде бүкіл тегін медициналық көмек берушілер мен медициналық клиникалармен келісімшартқа отырып, төлемдерді жасап жатыр. Ол ай сайын уақытымен жүргізіледі. Ақпараттық жүйелер, цифрландыру да түрлі мәселелерді шешуде. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды облысында пилоттық жобаны енгізуді бастаймыз. Онда азаматтарымыздың қайсысы сақтандырылған, қайсысы сақтандырылмағанын анықтап, көріп отыруымыз қажет. Ақпараттық жүйеде осындай мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар, тегін мемлекеттік медициналық қызмет және сақтандырылған медициналық қызмет сияқты екі жүйеге бақылау жүргіземіз», - деді ол.
Сондай-ақ, ол осы айдан бастап түсіндіру, оқыту жұмыстарын қолға алатындықтарын жеткізді.
«Басты мақсатымыз – халыққа медициналық қызмет түрін қолжетімді ету, дәрі-дәрмекпен қамту. Ол үшін қазіргі бөлінетін қаржыға қосымша 60 пайыздай қаражат қосылады. Оның барлығы медициналық диагностика, оңалту қызметтеріне және қосымша дәрілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлердің айлығы да көтеріледі. Сондықтан осы бағытта қарқынды жұмыс істеп жатырмыз және дайындығымыз да жоғары», - дейді министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ДСМ басшысы міндетті медициналық сақтандыру халық үшін тиімді екенін айтқан болатын.