Медиация кеңестері халыққа қалай көмектеседі?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали медиация кеңестерінің қызметіне тоқталып өтті.
Ол Ассамблеяның медиация кеңестері жанжалдардың алдын алудың және дау-дамайлардың бастапқы кезеңде шешу институты екенін айтты. Сондай-ақ бұл институттың тиімділігін көрсететін мысал келтірді.
Нөсер жаңбыр болғанда көпқабатты үлкен үйдің төбесінен су ағып, 60 пәтерге зақым келген. Түсінікті жағдай, пәтер иелерінің кооперативі (КСК) мен пәтер иелерінің арасында дау туған. Бір пәтер иесі медиация кабинетіне жүгінген. Олар өз кезегінде зақым келген 60 пәтердің иелері мен пәтер иелері кооперативінің басшысын шақырып, даулы мәселені 2 күнде медиативті келісім жасау арқылы шешті. Бұл шешім екі тараптың да көңілінен шықты. Егер бұл адамдар сотқа жүгінсе, бұл дау бірнеше айға созылып кетер еді. Оның үстіне белгілі қаржылық шығындар болатын еді. Ал медиация кабинетіндегі медиаторлардың қызметі тегін түрде көрсетіледі, – дейді «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали.
Ассамблеяның медиация кеңестері 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде облыс орталықтарында 17 медиация кабинеті ашылған. 20 медиация кеңесі жұмыс істейді. Оның ішінде біреуі республикалық және 19-ы өңірлік. Ассамблея реестрінде 2318 медиатор бар. Олардың көмегімен 2016 жылдан бері 134 400 өтініш қаралған. Өтініштердің 51%-ті медиативті келісіммен, ал қалған 49%-ті медиаторлардың кеңес беруімен шешілген.
Осы орайда Ғалымжан Құсманғали кәсіби тренерлердің қатысуымен этномедиатор келіссөз жүргізушілерді даярлау бойынша оқу бағдарламасы әзірленгенін айтып өтті.
Бұл жоба 28 ақпаннан 4 наурызға дейін Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Оған ауылдық округтердің әкімдері, учаскелік инспекторлар және тәрбие жұмысы бойынша меңгерушілер және қоғамдық медиаторлар қатысты. Оларға жанжалға әкелетін әртүрлі жағдайды тиімді шешу үшін психология мен медиация әдістерін қолданудың теориялық білімдері мен практикалық дағдылары таныстырылды, – деді Ғалымжан Құсманғали.