Медиация институтын дамыту маңызды – сенаторлар

Парламент Сенаты депутаттарының бастамасы бойынша және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қатысуымен Қазақстандағы медиация институтын дамыту мәселелері бойынша республикалық дөңгелек үстел болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оны өткізуге медиаторлар ұйымдарымен бірлесе отырып «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ қолдау білдірді. 

Отырыс барысында денсаулық сақтау, білім беру, еңбек даулары салаларында, қылмыстық процесте медиацияны дамытуға бағытталған өзекті мәселелер талқыланды, сондай-ақ медиаторларға салық салу мәселелері де көтерілді.

Біз бүгінгі шараны медиаторлар ұйымдарының қызметін одан әрі дамыту, үйлестіру, олардың еліміздегі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында өткізіп отырмыз. Медиаторлар ұйымдары өзін-өзі реттейтін ұйымдар ретінде қоғамдағы кең ауқымды қамтиды. Бұл мәселелер құқықтық нормалар мен заңдардың ауқымды қабатына байланысты егжей-тегжейлі пысықтауды талап етеді, - деп атап өтті сенатор Ләззат Сүлеймен.

Шараға Парламент Сенатының депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, медиаторлар ұйымдарының басшылары, сондай-ақ осы саладағы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Шара қорытындысы бойынша медиация институтын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылданды. 

Парламент Сенатының депутаттары медиация саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы