Медет Есембаев: Ата заңымыздағы өзгерістер мемлекетке тың идеялар мен жетістіктер әкеледі

30 тамыз елімізде жыл сайынғы дәстүрге сай Конституция күні аталып өтетіндігі белгілі. Ел егемендігін алған 30 жыл ішінде мемлекеттің тыныштығы мен ішкі тәртібіне сүбелі үлестерін қосып келе жатқан қазақ елінің армиясы десек қателеспейміз, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың дархан даласын көзінің қарашығындай сақтап, бабалар аманатын жалғастырып келе жатқан қазақ армиясы Тәуелсіздік жылдарынан бастап жаңа дәуірді бастан өткеруде. Осы орайда Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлім командирі, полковник Медет Серікбайұлы Есембаевпен жолығып сұқпаттасудың сәті туды. 

- Медет Серікбайұлы, біріншіден бізбен уақыт тауып, әңгімелесуге келіскеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Жалпы әскери қызметкер ретінде Конституцияға енгізілген соңғы түзетулерді қалай бағалар едіңіз?

 - Конституцияны білу - Қазақстан Республикасындағы азаматтың міндеті мен парызы. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды. Ол бізге тәуелсіздік алып келген жеңістеріміздің, біздің тапқан табыстарымыздың бүкіл кешенін баянды етті», деп атап өтті. Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.

 - Еліміздің әрбір азаматының Конституциялық құқығын қамтамасыз етуде әскерилердің атқарып жатқан еңбегі ұшаң-теңіз. Өзіңіз басшылық ететін әскери бөлімде бұл саладағы жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

 - Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Тәуелсіздік жылдар ішінде Ұлттық ұлан мәртебесіне ие болған әскеріміз еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде ерен еңбек атқарып, Ата Заңға адал екендерін айқын дәлелдеп келеді. Қостанайда орналасқан 6697 әскери бөлімге шақырылған жас сарбаздар жақын арада ғана Отанға адал қызмет атқаруға ант қабылдаған болатын. Міне, осылай жас буын өкілдері өздерінің Отанға деген патриот екендерін жыл бойы адал қызметтері арқасында дәлелдеп келеді. Біздің 6697 әскери бөлімнің әскери қызметкерлері мен сарбаздары бейбіт күнде болып жатқан күнделікті тәртіпсіздіктің алдын ала отырып, заң бұзушылықтарға жол берген емес. Бұл да - болса абыройлы қызметкерлеріміздің жемісі. Соның ішінде айта кететін болсақ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы сапында бейбіт күннің батырлары қызмет атқаруда олар полковник Қайрат Умбетов,  капитан Ербол Отарбаев, капитан Жандос Баянбаев, бастаған тұлғалар.

 - Медет Серікбайұлы, биыл маусым айының басында ел тарихында Ата-заңға қатысты екінші референдум өтіп, халық болып оған енгізілген өзгерістерді қолдап дауыс бердік. Осы өзгерістерге қатысты пікіріңізді білдіре кетсеңіз. 

 - Бұл өзгерістер мемлекетке тың идеялар мен жетістіктер әкеледі, бұл алдағы жаңа кезеңге жол ашуда. Мемлекетіміздің тұрақтылығына, экономикамыздың өркендеп дамуына, өркениетті ел ретінде танылуына тек Конституциямыз кепіл бола алады. Бейбіт елдің бақытты халқы түп қазығымыз Ата Заңымызды ардақтасақ, еліміз әлі талай жетістіктеге жететіні сөзсіз. Конституцияның қабылдануы Президенттік басқару нысанының ауқымында Мемлекет басшысына мемлекеттік билік органдарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етуге, қоғамды түпкілікті реформалауға мүмкіндік береді. Көп ұлтты әрі көп дінді қоғамда азаматтық татулықтың, қоғамдық тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің кепілі.

 - Сонымен қатар заңдылықтың үстем құруы елдің дербес мемлекеттігінің айқын белгісі екенін білеміз. Осы орайда Ұлттық ұландықтар біздің әскери бөлім қызметкерлері мемелкеттің қауіпсіздік жолында, Ата заңымыздың көрсетілген заң қағидаларын сақтап, халқымыздың тыныштығын күзетіп, бейбітшілік жолында істеп жатқан қызметтері өлшеусіз. Қазіргі таңда жұртшылыққа Ұлттық ұлан сапындағы әскери қызметшілер Конституциямен бекітілген әрбір заң талаптарын орындалуын қадағалаушы, жеке адамдардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қылмыстық және құқыққа қарсы әрекеттерден қорғаушылар ретінде танымал. Алдағы уақытта 6697 әскери бөлім сарбаздары мен қатар Ұландық жауынгерлер конституциялық борыштарын бұдан былайда абыройлы орындайтындарына зор сенім білдіреміз. Ендігі асыл арманымыз - еліміздің тыныштығы, бүгінгі және келер ұрпақтың Отанымызды берік қорғап, кемел келешекте ешбір соғыссыз, бірлік пен татулықта болу.

Медет Серікбайұлы, әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы