ҚМДБ: Шымкеттегі ауруханаларға 33 оттегі концентраторы таратылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМДБ «Зекет» қорының бастамасымен қолға алынған «Өмірге үміт сыйла!» қайырымдылық шарасы Шымкент қаласында жалғасты.
Кезекті рет ұйымдастырылған қайырымдылық шарасында 33 дана оттегі концентраторы шетелден арнайы тапсырыспен алынып, Шымкент қаласы, Асар мөлтек ауданында СOVID-2019 жұқпалы індетіне байланысты жаңадан салынған қалалық инфекциялық ауруханасына 9 дана, №14 ауруханаға 5 дана, қалалық инфекциялық ауруханаға 9 дана, №2 қалалық «Оңалту орталығына» МКК-не 3 дана және №1 қалалық клиникалық ауруханасына 4 данасы үлестірілді. Сонымен бірге қала бас имамының шешімімен «Шымкент» медресе-колледжінің медициналық бөліміне 3 данасы берілді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы игі шараның басы-қасында жүріп, қол ұшып беріп, үлес қосқан қайырымды жандарға арнайы алғысын білдірді.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін Шымкент орталық мешіті мен қалалық «Зекет» қоры өкілдігінің ұйытқы болуымен індет кесірінен ауруханаларда жатқан науқастардың дәрі-дәрмектеріне қаржылай және өзге де қажеттіліктеріне сәйкес көмектер берілді. Одан бөлек бірнеше мыңдаған медициналық қолғап, бетперде, қолға себетін антисептикалық сұйықтық, қорғаныш заттары т.б, үлестірілді. Бұл бағыттағы қайырымды һәм сауапты жұмыстар жалғасын табады дейді ұймдастырушылар.