ҚМДБ пәтуасы: Жұқпалы індеттен қайтыс болған кісі қалай жерленеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шариғат бойынша қайтыс болған мұсылманды жуындыру, кебіндеу, оған жаназа намазын оқу және оны жерлеу – парыз кифая. Парыз кифая дегеніміз – кейбір мұсылмандар орындаған жағдайда өзгелерге міндет болмайтын амал, дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі өте қауіпті жұқпалы (туляремия, эбола, коронавирус, оба, т.б.) аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты төмендегі шараларды жүзеге асыруды мақұлдайды.
Біріншіден, мәйітті жуындыру. Өте қауіпті жұқпалы дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада (морг) жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел жуындыруы керек.
Екіншіден, мәйітті кебіндеу. Шариғат бойынша мәйіт кебінделуі міндет. Ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебінделеді. Алайда жұқпалы дерттен қайтқан кісіні кебіндеу ісінде санитарлық қағидалар сақталуы тиіс. Егер мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел кебіндеуі қажет.
Үшіншіден, жаназа намазын оқу. Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту қажет. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (мысалы, көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне, т.б.) таралмауы үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатымызда рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.
Төртіншіден, мәйітті жерлеу. Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ мәйіт қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қалаға, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу.
Ескерту: Санитариялық-эпидемиологиялық мекемесі тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, таяммум алдыруға және кебіндеуге рұқсат берілмесе, мұндай жағдайда шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы үлдір (клёнка) немесе табыт ашылмастан, сол хәлінде жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады.