МБЖЖ-ның банк депозитінен артықшылығы айтылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында айтылды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылдың 12 шілдесінде Мемлекет басшысы сақтандыру және бағалы қағаздар нарықтары мен банк секторына қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңына қол қойғаны белгілі.

Заңның бірінші блогы сақтандыру секторын дамытуға қатысты. Заң аясында жасалған ең маңызды өнімдердің бірі – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі. Бұл жүйе екінші деңгейлі банктер үшін бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі сақтандыру нарығында жұмыс істейді деп болжанып отыр, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары  Мария Хаджиева.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне төрт банк қатысады. Бүгінде жалпы сомасы 33,5 миллард теңгені құрайтын 22 мың депозит ашылған. Алайда Мария Хаджиева бұл көрсеткіш аталған жүйенің белсенділігі сақтандыру секторын қосқан соң әлдеқайда артатынын айтады. Өйткені спикер сақтандыру өнімінің банк депозитінен артықшылығы барын атады. 

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің банк депозитінен айырмашылығы қосымша сақтандыруды қамтамасыз етеді. Ата-ана қайтыс болған жағдайда немесе жұмыс істеу қабілетін жоғалтса, сақтандыру келісімшарты бойынша сақтандыру өнімінің сомасы қанша болғанына қарамастан, асырау құны төленеді. Сондай-ақ аталған өнімге Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен кепілдік беріледі, - деді ол. 

Жүйенің банк депозитінен тағы бір артықшылығы банк депозитінде 10 миллион теңгеге кепілдік берілсе, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің өніміне толық соммаға кепілдік беретін болады. Яғни банкротқа ұшырау сияқты жағдайлар болған жағдайда салған сомаңыз толықтай қайтарылады.             

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы